Монбландағы қазына: Альпинистке бағалы тастардың жартысы беріледі

None
None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат – 8 жыл бұрын Монбланнан зүбаржат, жақұт және лағыл тастар салынған қорап тапқан француз альпинисі осы бағалы тастардың жартысын алады. Бұл қорап мұздықтың үстінде 1950 немесе 1966 жылдары Air India ұшағы апатқа ұшыраған кезде түсіп қалуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Есімі жария етілмеген альпинист 2013 жылы Монблан тауындағы мұздықтан металл қорап тауып алған. Бағалы тастардың жанындағы пакеттерде «Үндістанда жасалған» деген жазу болған. Сондықтан, француз билігі оның жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Монбланда апатқа ұшыраған үнді лайнерінің жолаушыларының біріне тиесілі деп болжаған.

Бағы бар альпинист Франция заңына сәйкес, тапқан олжасын полицияға алып барып, осы уақытқа дейін бағалы заттардың иесінің туыстары табылар ма екен деп күткен. Бірақ, олар табылмады.

Енді, сегіз жылдан кейін Шамони коммунасының билігі заңға сәйкес альпинистпен бағалы заттарды теңдей бөліскен. Оның әрбір бөлігі 150 мың еуро деп бағаланып отыр. Шамони мэрі Эрик Фурнье Франс-пресс агенттігіне осы туралы айта отырып, альпинисті заңға бағынғаны үшін мақтап отыр.

Монбланда өткен ғасырда екі үнді лайнері құлаған. 1950 жылғы апаттан 48 адам, 1966 жылы – 117 адам мерт болды.

Франция билігі бағалы тастарды Бомбейден (қазіргі Мумбай) Нью-Йоркке ұшқан екінші лайнердің жолаушысы өзімен бірге алып бара жатқан деп болжап отыр. Альпинистер екі апаттан кейін бірнеше уақыт өтсе де Монбланнан жүк қалдықтары мен адам сүйектерін тауып отырған.

2012 жылы тау бөктерінен Үндістаннан диломатиялық пошта салынған қап табылған еді. Онда 1966 жылғы газеттер, күнтізбелер мен жеке хаттар болған. 1966 жылы әуе апатынан үнді ядролық бағдарламасының әкесі Хоми Джехангир Баба қаза тапқан.


Соңғы жаңалықтар