Монакода Данияр Елеусіновпен бірге тағы бір қазақстандық өнер көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек (1-0, 0КО) 24 қараша күні Монакода Данияр Елеусіновпен бір рингте өнер көрсетеді. Бұл туралы «Қазақстанның кәсіпқой боксы» аккаунты ВКонтакте әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

BoxRec.com сайтының мәліметінше, Сұлтан Заурбектің жекпе-жегі төрт раундтан тұрады. Қарсыласы әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Заурбек биылғы 26 қазан күні Лондонда алғаш рет кәсіпқой рингке шықты. Онда 34 жастағы қарсыласы - Никарагуа боксшысы Хосе Агилараны (16-53-4, 6КО) ұпай санымен ұтты. BoxRec-тің хабарлауынша, Сұлтанның кәсіпқой бокста үшінші айқасы да жоспарланып қойған - ол 14 желтоқсан күні Лондонда өтеді.

Еске сала кетейік, 24 қараша күні Монаконың Монте-Карло қаласында  қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (4-0, 2КО) жекпе-жекке шығады. Оның қарсыласы никарагуалық боксшы, 33 жастағы Маркос Мохика (16-2-2, 12 КО). Елеусінов жартылай орта салмақтағы төртінші жеңісіне ағымдағы жылдың 21 қазанында қол жеткізген болатын.

«Казино де Монте-Карлода» өтетін бокс кешінің андеркартында өзге де жекпе-жектер жоспарланған. Ал басты айқас бірінші ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы ресейлік Денис Лебедев (31-2, 23 КО) пен америкалық Майк Уилсон (19-0, 8 КО) арасында өтеді.

  

Соңғы жаңалықтар