Момышұлының күртешесі кентаулық Жеңіс ақсақалдың үйіндегі мұражайда тұр

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының Кентау қаласында Жеңіс есімді ақсақал үйінен музей ашып қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қария шағын ғана бөлмеге 1000 жуық экспонант жинапты. Олардың ішінде қол диірмен, күміс құман, Б.Момышұлы киген күртеше бар

Жеңіс Берікқара 1945 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында туғандықтан ата-анасы есімін Жеңіс деп қойыпты. Қазіргі кезде қария 77 жасқа толып отыр.

Ақсақалдың музейге қойған қол диірмені әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Ораза кезінде тарыны тартып алыпты. Одан бөлек, өзі жазған «Аманат», «Салауаткер», «Қассақ» атты үш кітабы мен жинаққа әңгімелері мен өлеңдерін орналастырған. Төрде домбыра ілулі тұр. Фотосуреттер мен өзге де заттар сөрелерден орын алған. Ал, ертеректе қолданылған патипонды да іске қосуға болады.

Жалпы Жеңіс Қошанұлын жерлестері «Салауаткер» деп таниды. Өзі де әрдайым салауатты өмір салтын насихаттап жүретін ақсақал жас кезінен күнделікті белтемірге тартылып, жаттығулар жасайтын. Тіпті шпагатқа отырып, шекесімен жаңғақ шағатын. Дегенмен, қазіргі кезде қарттық оқыс қимыл жасауға көп мүмкіндік бермейді екен.

«Екі көзім көрмей қалды. Сондықтан бұрынғыдай спортпен белсенді шұғылдана алмаймын. Жас күнімде кеудеме тас қойып, балғамен ұрғызып сындыртатынмын. Қазір оғам шамам келмейді. Қартайдым. Бірақ жаттығуларды үзбеймін. Таңертең және кешкісін аулада спортпен шығылданамын. Баламды ертіп қала көшелерінде жаяу жүріп келемін. Мұздай суға түсемін. Баспен тұрып, аяқтарымды шынықтырамын. Мұның бәрі денсаулыққа өте пайдалы», - дейді қария.

Салауаткер бұдан бөлек, қарапайым құрылыс материалдарынан түрлі композициялар жасаумен айналысқан. Мәселен, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылдары ескерткіш балбалтасты құрастырса, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майдангерлердің ерлігін бейнелейтін композиция жасапты. Ал зымыран макетінің ішінен гүл өсірген композициясы бейбітшіліктің белгісін көрсетеді. Кейіннен оның да бәрін қаладағы мәдениет сарайына табыстаған.


Соңғы жаңалықтар