Молдован қызы: Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деп тілеймін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Бұл тілекті бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Қостанай облыстық филармониясының баспасөз хатшысы Алла Чечеткина білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Қостанай облысының Амангелді ауданы Тасты ауылының тумасымын. Ұлтым молдаван. Аты-жөнім - Алла Чечеткина. Өзім қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындап өскен баламын. Негізі, қазақ тілін білу үшін, мен сияқты, көрші Күміс әженің мыжымасын жеп өсу керек. Ал сіздер, мыжыманың қандай ас екенін білесіздер ме? Қолдың сары майы қосылып, мыжылған ыстық таба нанның дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Дегенмен, өз ата-анама да алғыс айтқым келеді. Сол кісілердің ақылымен мен қазақ сыныбында оқыдым. Сақыпжамал деген алғашқы ұстазымның арқасында қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын», - деді ол.

Алла Чечеткина ҚР Тұңғыш Президентінің «Қазақ пен қазақ - қазақша сөйлессін!» деген сөзі өмірлік мақсатына айналғанын баса айтты.

«Сондықтан мен, қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің тәуелсіздігімізге, егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Біздің ауылда қыз баланың кешкі уақытта көше кезіп жүргені ұят, ерсі саналатын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңлілерім де осы тәрбиеден алшақтамаса екен деймін», - деді Алла Чечеткина.

Соңғы жаңалықтар