Мохамад Адли бин Абдулла: Қазақстан – Малайзияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Малайзияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі саналады. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырғаннан кейін Малайзия Елшісі Мохамад Адли бин Абдулла айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осынау тамаша ел – Қазақстанда Малайзия Королінің атынан өкілдік ету мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан мен Малайзия 1992 жылдан бері ынтымақтастықтың барлық саласында жемісті қарым-қатынас орнатып отыр. Сол уақыттан екі елдің арасындағы ынтымақтастық тереңдеп, кеңейе түсті. Сауда мен инвестиция, өнеркәсіп, исламдық қаржыландыру, туризм, мәдениет, жоғары білім және техникалық көмек көрсету салаларындағы ынтымақтастық жолға қойылды. Қазақстан Малайзияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі саналады. Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастық нығая түседі деп сенім артамыз. Ол үшін әлеует жеткілікті. Малайзия Үкіметі Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастығын жалғастырады», - деді Малайзия Елшісі.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын Малайзия Елшісі Мохамад Адли бин Абдулла, Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Файсал бен Ханиф әл-Кахтани, Түркия Республикасының елшісі Мустафа Капуджу және Иран Ислам Республикасының елшісі Әли Акбар Джоукар тапсырған еді.


Соңғы жаңалықтар