Модернизацияның нақты бағдарламасы болуы керек - Кәсіподақ басшысы шахтадағы оқиға туралы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елдегі шахталар ең алдымен заманауи қауіпсіз жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Қарағанды облысындағы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков Шахтинскідегі шахтада болған қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болат Жұмабековтың айтуынша, Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахта – еліміздегі ең қауіпті кен орындарының бірі.

«Кенеттен газ атқылау қаупіне байланысты бұл шахтада ерекше қауіпті. Оқиға кезінде екі бригада жұмыс істеп жатқан. Жарақаттанған бес адам басқа жақта, бұрғылау жұмыстарында болған. Ал, бес адам өкінішке қарай, қайтыс болды. Ол жерде кенеттен метан газы тарады. Шахта атмосферасында оттегінің жетіспеушілігінен, газ шыққан кезде адам бірден құлайды. Метан иіссіз, көзге көрінбейді, адамды әп-сәтте есінен тандырады», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісіне Болат Жұмабеков.

Ауруханаға түскен жұмысшылар жарылыс толқынымен құлаған кезде соққы алған болуы мүмкін.

«Газ шығарындысы кезінде жарылыс толқыны пайда болады. Жұмысшылар тар шахтаның бекінісіне соғылған болуы мүмкін. Зардап шеккендерде бас-ми жарақаты бар. Толқын ұзаған сайын газ концентрациясы төмендейтіндіктен, олар аман қалды», - деді спикер.

Сондай-ақ, ол мұндай жағдайлар қайталанбас үшін қандай шара қолдану керектігі туралы ой бөлісті.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бос уәделер мен көп сөзден нақты іске көшуі керек. Кәсіпорын 1996 жылы келді, осы уақытқа дейін бірде-бір жаңа құрылғы жоқ. Жаңадан алғаны: биылғы бұрғылау қондырғылары мен 20-дан астам туннельдік техника. Жаңа тау-кен-шахта жабдықтары қажет. Дамыған елдердің шахталарында газ шығарындылары болмайды.

Біріншіден, біздегі жағдай қиын. Сондықтан, ең алдымен, қауіпсіз жабдық болуы керек. Өткен жылы қарашада Абай кенішінде болған оқиғадан кейін жаңа техника алуға уәде бергенімен, қытайлық жабдықты сатып алды. Мүмкін олар сол жақтың шахталарына жарамды болар. Міне, инвесторымыз осындай, өкінішті. Жалпы, біздің тау-кен-геологиялық жағдайымызға сәйкес келетін модернизация бағдарламасы болуы керек. Кенші қауіпсіз еңбек жағдайлары жасалған жерге жұмысқа баратынын білуі керек. Алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Геология қызметі, техникалық қызметкерлер – барлығы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болуы керек», - деп есептейді Б. Жұмабеков.

Еске салсақ, бүгін түнде Қарағанды облысы Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада апат болып, «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде 5 адам көз жұмды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты. Бұған дейін Президент Қарағанды облысына барған сапарында аймақтың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге сын көтермейтінін атап өтіп, кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауға тапсырма берген болатын. «Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құю керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет», - деген еді Президент.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Ленин атындағы шахтадағы апаттың себебін мәлімдеді.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өкіміммен Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссия құрылды.

Қарағанды облысының әкімдігі шахтада қаза болғандардың тізімін жариялады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім еткендей, «АрселорМитталдың» 8 шахтасында жұмыс бір тәулікке тоқтатылды.


Фото: depositphotos.com



Соңғы жаңалықтар