ММУ-дың алғашқы шетелдік филиалы біздің астанамызда ашылды – Қырымбек Көшербаев
2021 жылғы 14 желтоқсан 20:59

ММУ-дың алғашқы шетелдік филиалы біздің астанамызда ашылды – Қырымбек Көшербаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалына қандай ғимарат берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Өйткені ұлтымыз үшін ұлы, халқымыз үшін қадірлі, мемлекетіміз үшін ең мәртебелі құндылық – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы! Сіздерді ұлысымыздың ұлы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздікті алу бар да, оны тұғырлы ету бар. Осынау 30 жыл ішінде Қазақстан ғасырға парапар жолдан өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты даму жолына түсті, қоғамдық-саяси ахуал қалыптасты. Шекарамыз шегенделіп, жаңа елордамыз бой көтерді. Халқымыздың саны артты, ырыс-берекесі молайды. Елбасы бастаған жолды Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев лайықты жалғастырып, халқымыз өркениеттің өріне көз тігіп отыр», - деді Мемлекеттік хатшы ММУ Қазақстан филиалында өткен мерейтой кешінде.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы егемендіктің бір тұғыры – достық екенін, өткен тарихта қазақтың талай асыл арыстары Ресейде білім алып, жетілгенін атап өтті.

«Арғы заманда да, кешегі кеңестік кезеңде де, бүгінгі тәуелсіздік уақытында да біздің білім іздеп, ілім қуған жастарымыздың көбі Ресейді таңдады. Себебі ондағы білім беру ісінің тамыры терең. Соның бірі, тіпті бірегейі – М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті. Аталған оқу орнын бітірген талай түлек бүгінде азат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге белсенді атсалысып жүр.

ММУ-дың алғашқы шетелдік филиалының біздің астанамызда ашылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, бауырластық байланыстардың жарқын айғағы болды. Осы оқиғаның арқасында көп жылдық дәстүрі бар Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-білім беру байланыстары жаңа серпінге ие болды», - деді Мемлекеттік хатшы.

Айта кетейік, М. В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және РФ Президенті Владимир Путиннің қолдауымен құрылған.

2000 жылғы 9 қазанда Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарында ММУ ректоры, академик В.А. Садовничий мен ҚР Білім және ғылым министрі Қ.Е.Көшербаев Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің базасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын құру туралы хаттамаға қол қойған болатын.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалын 20 жылдығымен құттықтап, филиалға жаңа ғимарат берілетінін айтқан еді.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT