ММУ-дің қазақстандық филиалына бөлек ғимарат берілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы үшін бөлек ғимарат беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының бір студентіне жылына қанша қаржы бөлінетінін сұрады.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари әрбір бакалавриат студентке 1 млн 690 мың теңге, ал магистрант үшін 1 млн 790 мың теңге бөлінетінін жеткізді.

«М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің Мәскеудегі бас университетінде оқыту 2 млн 600 теңгеге жетеді. Ал қазақстандық филиалда оқыту құны 40 пайызға арзан. Бүгінде Қазақстандағы 1 млн 690 мың теңге коммуналдық төлемді де қамтиды», - деді вице-министр.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, келісім бойынша қазақстандық филиал үшін бөлек ғимаратпен қамтамасыз ету қарастырылған. Себебі ММУ-дің филиалы бүгінде осы уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында жұмыс жасауда.

«Жаңа келісімге сәйкес, Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы үшін бөлек ғимаратты ұсыну ескерілген. Бұл ғимарат ММУ филиалы меншігіне берілмейді, яғни Қазақстан иелегінде қалады. Келісімнің мерзімі аяқталса, онда ғимарат еліміздегі мекемелердің пайдалануына беріледі», - вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенатта «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында аталған заң жобасын Сенаттың жалпы отырысының талқылауына шығару туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР Үкімет мен РФ Үкіметі арасында М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды.Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді.

Соңғы жаңалықтар