Мия тамырын өңдеу зауыты мен мияны өсіру жобасын іске асыру жоғары деңгейде жүргізілуде - Қызылорда облысы ҰФОТОҚ

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Мия тамырын өңдеу зауыты мен мияны өсіру жобасын іске асыру жоғары деңгейде жүргізілуде. Жоба бастамашысы - «БИС-Групп» ЖШС-і, жоба құны-1 887,0 млн. теңгені құрайды.

Кәсіпорында бүгінде 156 адам тұрақты жұмыс істесе, 564 адам маусымдық жұмыс атқарады. Зауыттың жобалық қуаттылығы - 1000 тн мия тамырының экстраты, 100 тн. глициризинат моноаммония өндіріледі. Сондай-ақ, мия өсімдігінің экстрактысы, кремі, глициризин қышқылының ұнтағы, полисахарид, флавоноид компоненттері алынады.

Жоба құрылтайшылары: «Бис-Групп» ЖШС-і, Қытайлық «Борихунда» ААҚ-ы боп табылады.

Өндірілген өнімдерді экспорттауды жоспарлап отырған нарық: Қытай, Канада, АҚШ, Франция, Германия, Австрия, Жапония, Корея, Түркия, Израиль елдері.

Елбасының бастамасымен елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде елімізде соңғы жылдары көптеген өндіріс орындары іске қосылды. Мұндай өндіріс орындары өнім өндірумен қатар жүздеген адамды жұмыспен қамтып, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып отыр. Бұл бағдарламаны іске асырудан Қызылорда облысы да тыс қалған жоқ.

Бұл бағытта бірнеше өндіріс орындары облыста іске қосылды. Әлі де болашақта ашылатын кәсіпорындар бар.

Осы бағдарлама аясында Қызылорда облысының Жалағаш ауданында іске қосылған кәсіпорынның бірі - қызыл мия тамырын өңдеп, одан дәрілік шөптер шығару зауыты.

Жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілмес бұрын терең зерттеуден , сараптаудан өткен. «Бис групп» ЖШС басшылары осы өнімді шығарумен айналысатын елдерде болған. Олардың жұмыс тәжірибесімен танысқан. Жобаны іске асыру үшін қытайлық «Борихунда» компаниясымен келіссөз жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын жобаны іске асыруға келісімшарт жасалған. Бұл ретте, қытайлық компания құрал-жабдықтар мен тауар шығаратын технологияны әкелуді өз міндетіне алған. Мұнан бөлек компания жергілікті жер мамандарын оқытып, дайындауды да міндетіне алған.

Жоба 2013 жылы 13 желтоқсанда өткен экономиканы жаңғырту туралы мемлекеттік комиссия қорытындысымен және Қызылорда облысы әкімінің 2013 жылғы 23 желтоқсандағы №18 шешімімен өңірлік индустрияландыру картасынан енгізілді.

Жобаны жүзеге асыру үшін Жалағаш ауданы, Ақсу ауылдық округінен зауытты орналастыру үшін 2013 жылы 8,75 га жер телімі мемлекеттік қолдау шарасы ретінде аукционсыз берілген. 2014 жылы Жалағаш ауданы Жаңадария ауылдық округінен 6000 га жер телімі мия өсіру үшін берілді.

«Бис групп» ЖШС ақпаратына сәйкес, зауыттың құрылыс жұмыстарына Жалағаш ауданынан 80 адам қабылданып, құрылысшылар мен қызметкерлерге арнап, қонақ үй мен кәсіпорын офисін салған. Нәтижесінде 75 адамға арналған жұмысшылар қалашығы салынып, пайдалануға берілді. Жұмысшыларға арналған асхана да салынып, пайдалануға берілген.

Зауыт орналасатын алаңда толығымен метал қоршау тартылған. Жоба бойынша әкімшілік, асхана, жатахана, зертхана ғимаратының құрылыстары және электр, ауыз су жүйелерін жеткізу жұмыстары аяқталған.

Зауытқа қазіргі таңда қажетті 1200 тонна мия тамыры шикізаты әзірленген.Компания басшысының мәліметі бойынша зауытта алғашында 3 түрлі өнім өндіру көзделген: глициризин қышқылы, мия қанты, флофаноид (балаларға арналған дәрі).

Зауыт 2014 жылғы 22 желтоқсанда мемлекеттік қабылдау актісімен пайдалануға берілген.

Қазіргі таңда, зауыт басшылығы тәжірибелік алғашқы өнімдерді шығаруды қолға алып, шығарылатын өнімге рұқсаттама қағаздарын сертификат, лицензия алу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар