Митио Каку роботтың адамнан «тартып ала алмайтын» мамандықтарын атады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі футуролог, физик-теоретик Митио Каку Астанадағы Global Challenges Summit 2018 форумында роботтар «тартып ала алмайтын» мамандықтар жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жақын келешекте роботтардан автоматикада жұмыс істейтін орта таптағы адамдар «зардап шегеді». Бірақ роботтар зияткерлік капитал мен инновациялық-шығармашылық жұмыстарды алмастыра алмайды.

«Роботтар көптеген элементарлық дүниелерді білмейді. Әлі күнге дейін 5 жасар баланың интеллектісін алмастыратын бағдарлама жоқ. Мәселен, әлеуметтік, отбасылық қарым-қатынастардан бейхабар. Олар қарапайым үстелді тани алмайды, төртбұрыш пен үшбұрышты сызып, аумақты өлшей алмайды. Жақын болашақта роботтар қоқысты жинап, машинаға тией алмайды. Ауыр жұмыстарды алмастыруы мүмкін, бірақ оған көптеген онжылдықтар керек», - деді Митио Каку роботтандыруға арналған пікірталаста.

Оның айтуынша, роботтар адамдармен қарым-қатынасты талап ететін полиция, криминалистика, сот, оқытушы, инновациялық мамандықтарда қауқарсыз.

«Зияткерлік - роботтардың қолынан келмейтін қабілет. Мәселен, робот мені - профессорды алмастыра ала ма? Профессор-робот студенттің қарапайым жоспарын түзей алмайды. Студентке тікелей қарым-қатынас жасай алатын жетекші керек, адам керек. Полиция да қылмыскердің дүниетанымымен жұмыс істейді және бұл роботтың қолынан келмейді. Роботтар ән жаза алмайды, жетекші болып, тиімді шешім қабылдай алмайды. Сондықтан, роботтар - адам өміріндегі көмекші құрал ғана, ал адамдар роботтар алмастыра алмайтын біліктілігі жоғары мамандықтарға бейімделгені жөн. Алдағы онжылдықта еңбек нарығында адами капитал әлі керек деп толық айта аламыз», - деді М. Каку.

Айта кетейік, Митио Каку форумның жалпы отырысында алдағы уақытта адам ағзаларын саудалайтын дүкендер, кез келген тілден аударма жасайтын көз линзалары жасалатыны туралы айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар