Мирлан Қызылов: Мемлекеттегі арзан полиция, қоғамға қымбат түсетінін дамыған елдер жақсы біледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Запастағы полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтарда Праламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін мұқият тыңдағанын айтуда. Бұл ретте ол Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының әлеуетін нығайту керектігі туралы тапсырмаларына пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Бүгін, сол қаралы күндер артта қалған кезде, Ішкі істер министрлігінің арнайы жасақтарының террористік агрессияның бетін қайтарудағы ерлігін атап өткім келеді. ...Бірақ бәрі бірдей өзінің борышына адалдық танытқан жоқ.

...құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажет... ...Полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру. Билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейту қажет», - деді.

Запастағы генерал-майор Мирлан Қызыловтың пікірінше, Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңында құқық қорғау қызметкерлерінің құқықтары шектеулі. Қазіргі уақыт бұл заңды жетілдіруді талап етеді.

«Кешегі халық ұйымдастырған бейбіт жиналыстың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізге қатер төнді. Онда жан пейілімен қорғап, Қазақстан халқына нағыз қызмет ететін полиция қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлық іс- әрекеттерінің куәсі болдық.

Өкініштісі, бейбіт заманда полиция қызметкерлерінің қызмет бабында қайтыс болу жағдайлары тағы орын алды.

Неге өзін қорғай алмады? Заң осал ма? Әлде дайындық төмен бе?

Шет елдердің тәжірибесі дейміз. Көрші Ресей Федерациясының «Полиция туралы» Заңының 24 бабында «Қаруланған полиция қызметкерінің жеке қауіпсіздік кепілдіктері» деген құқықтық норма бар. Онда заңда көзделген жағдайлар туындайтын болса, полиция қызметкері атыс қаруын қолдануға құқылы. Біздің «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы мұндай кепілдіктерді бермейді.

Бұл да Президент атаған мәселе. Демек, полицейлердің құқықтық қорғалуында, билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейтуде негізге алынатын бірден-бір жайт.

Бізде ІІМ арнаулы оқу орнында 4 жыл оқитын курсанттың қызметтік қаруды атуға дағдылануына, шамамен «Макаров» тапаншасымен – 513, ал «Калашников» автоматымен небәрі 243 оқ беріледі... 3 ай мен 6 айлық алғашқы кәсіби дайындығында қанша оқ-дәрі жұмсалатыны белгілі. Бұдан шығатын қорытынды жалғыз-ақ. Ол полиция қызметкері тиісті кәсіби біліктілік иеленбейді. Полицияның учаскелік инспектор мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, ашу және жолын кесумен айналысатын жедел уәкілдерді дайындау мерзімінің қысқартылуына қарсымын», - дейді Мирлан Қызылов.

Оның айтуынша, «мемлекеттегі арзан полиция, қоғамға қымбат түседі» деген бұрыннан белгілі ережені дамыған елдер жақсы түсінеді.

«Сапасыз, бейіндік бағыты ішкі істер органдары қызметіне бағытталмаған, мемлекеттің тапсырысымен оқытылмаған, өз қаражаттарымен білім алғандардың полицияның қызмет бағыттарына қызметке қабылдауға жол аштық. Бұл сәтті ведомствалық білімді жаңғырту емес, өлшеуі қымбатқа түсетін, өкінішті шешім. Адамның жанын емдейтін маман-дәрігерді 9 жылға жуық дайындаймыз, ал қоғам мен мелекетттегі құқықбұзушылық дертіне баға беретін полицияның учаскелік инспекторы мен жедел қызметкеді 3-6 ай ағаштан мүсін жасағандай қырнап шағаруымыз неге әкеп соққанын «Қасіретті қаңтар» дәлелдеген шығар», - дейді полиция генерал-майоры.


Соңғы жаңалықтар