Минскіге шұғыл қонған «Афины-Вильнюс» ұшағынан бомба табылмады

None
None
МИНСК. БЕЛТА-ҚазАқпарат – «Афины-Вильнюс» рейсін орындап келе жатқан Ryanair компаниясының ұшағынан жарылғыш зат табылмады. Ұшақ шұғыл түрде Минскінің Ұлттық әуежайына қонған болатын. ҚазАқпарат бұл туралы БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Тергеу мәліметі бойынша, 23 мамыр күні күндіз «Афины-Вильнюс» бағытындағы рейсті орындап келе жатқан ұшаққа жарылғыш зат қойылғаны жөнінде ақпарат түсті. Алынған мәліметті тексеру үшін ұшақ Минскінің Ұлттық әуежайына қонды.

Оқиға орнына саперлік-пиротехникалық топ және шұғыл-тергеу тобы жөнелтілді. Жарылғыш заттар табылмады.

Тергеу комитетінің Октябрь аудандық бөлімі Қылмыстық кодекстің 340-бабы, 1-бөлігімен (қауіп-қатер туралы көрінеу жалған хабарлау) қылмыстық іс қозғады», - делінген агенттік ақпаратында.

«Сағат 17.45-тегі (Нұр-Сұлтан уақытымен 20.45) жағдай бойынша, ұшақ әлі де Минскінің Ұлттық әуежайында тұр және ұшып шығуға дайындалуда», - деп қосымша хабарлады БЕЛТА.

Әуе кемесінің бортында 123 жолаушы болған. Олардың барлығы авиациялық қауіпсіздікке қатысты қосымша тексеруден өтіп, одан арғы шаралар үшін әуежайдың транзиттік айлағына жеткізілді. Жолаушылардың жүгі де рейстен түсіріліп, қосымша тексерілді.

Нұр-Сұлтан уақытымен 21.35-те хабарланғандай, «жолаушылар толық тексеруден өтті. Жүк бортқа тиеліп жатыр. Ryanair ұшағы әуеге көтерілуге дайындалуда».


Соңғы жаңалықтар