Министрліктердің бюджет қаражатын игере алмау себептері айтылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы 4 айда республикалық бюджеттен 5,6 трлн теңге жұмсалды және 8 млрд теңге үнемделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,5%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 5,6 трлн теңге жұмсалды», - деді Қаржы министрі.

Сонымен бірге, атқарылмай қалған 31 млрд теңгенің 8 млрд теңгесі үнемделген, ал 23 млрд теңгесі игерілмей қалған.

«Әсіресе Қаржы, Мәдениет және спорт, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінде игерілмеу көп байқалады. Оның негізгі себептері: шарт жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шоттарды кеш ұсыну, орындалған жұмыстардың актілері мен шот – фактуралардың уақтылы ұсынылмауы, мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілмеуі», - деп түсіндірді ол.

Жергілікті бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгені құраған және 42 млрд теңге игерілмей қалған.


Соңғы жаңалықтар