Министрліктер үйінің авторы: Ең ұзын ғимарат салуды көздеген жоқ едік...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың ең ұзын ғимараты саналатын Министрліктер үйі қаланың ажырамас бөлшегіне айналды. Ұзындығы 1,5 шақырым, жалпы аумағы - 228 мың шаршы метрді құрайтын бұл ғимаратсыз Астананы елестету мүмкін емес.

Қаланың 20 жылдық мерекесі қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Министрліктер үйінің авторы Шоқан Матайбековті әңгімеге тартқан еді.

- Шоқан Өмірзақұлы, Минстрліктер үйі туралы ел арасында аңыз көп. Кей адамдар оны қанатын жайған бүркітке ұқсатады, біреулер желден қорғайтын қалқанға немесе белбеуге теңейді. Осындай ғимаратты салу идеясы жөнінде айтып берсеңіз. Қалай жобаланды?

- Бұл ауқымды нысан Үкімет, Сенат, Мәжіліс, Ақорда және алаң айналасындағы өзге де ғимараттармен бір кешенде ойластырылған және Бас жоспарға әкімшілік-тұрғын үй кешені ретінде енгізілген. Яғни, кешен құрамында тұрғын үйлер де болуы тиіс еді. Ғимараттың жалпы габариті, пішіні, қабаттары мен биіктігі бас жоспарда бекітіліп қойған. Егжей-тегжейлі толық жоспарлаумен белгілі қала құрылысшысы Нұрмахан Тоқаев айналысты. Жобалау кезінде берілген аумақтың аспаннан қарағанда қанатын кең жайған бүркітке ұқсайтынын байқадық та, оған символдық түрде басымдық бердік. Ал белбеу туралы бірінші рет естіп тұрмын.

- Демек, тұрғын үй ретінде жоспарланған ғимаратты қайта жобаладыңыздар ма?

- Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, Бас жоспарға бұл нысанәкімшілік-тұрғын үй кешені болып енгізілген. Бәйтеректің екі жағындағы қанатты тұрғын үй блоктары ретінде 18 қабаттан 7 қабатқа дейін сатылай төмендетіп жобалағанбыз. Кейінірек, Министрліктер үйіне айналдыру туралы шешім шығарылды. Бұл аралықта шамамен 3-5 қабатын салып қойғанбыз. Әрине, қиындықтар болды, кей бөліктерін алып тастадық, жаңа элементтер қостық. Қайта салу жұмыстарын жедел әрі аз шығынмен жүргіздік. Қайткенде де, бұл нысанды тұрғын үйден гөрі мемлекеттік органдарға бергені дұрыс шешім болды деп есептеймін.

- Бүгінде Министрліктер үйі Астанадағы ең ұзын ғимарат ретінде танымал. О баста «Ең ұзын ғимарат» болатыны жоспарланды ма?

- Ғимараттың орналасқан аумағы, жалпы көлемі бас жоспарда бекітіліп қойған. Ондағы авторлар ең ұзын ғимарат салуды көздеген жоқ. Бар болғаны, берілген кеңістікте қала құрылысын ұйымдастыру қажет болды. Осылайша, Сарайшық көшесінен Сынағаққа дейін созылып жатқан ең ұзын ғимарат пайда болды. Ал оның жалпы аумағы 228 мың шаршы метрді құрайды.

- Құрылыс қанша уақыт жүрді? Оған бас-аяғы қанша қаржы жұмсалды?

- Мен мұнда сәулетші ретінде жобалаумен айналыстым және құрылыс бағасына мән бере қойған жоқпын. Ал ғимарат шамамен 3-4 жылда салынды. 

- Министрліктер үйінің ортасында алтын түстес екі нысан бар. Олар да Министрліктер үйімен бірге тұрғызылды ма?

- Иә, барлығы бірге тұрғызылды және 2006 жылы пайдалануға берілді. Алтын түстес қос мұнараның пішіні Алтын адамның бас киімінен алынған. Яғни, конус тәрізді доғал,  вертикал элементтер және алтын түсті қолдандық. Кейде Қабанбай батыр даңғылындағы көпірге шығып, осы екі мұнараға сүйсініп қараймын. Егер байқасаңыздар, дәл осы мұнаралар мен Бәйтерек Сулы-жасыл желекжолға Шығыстың рухын, бояуын беріп тұр. 

- Жоғарыда атап өткеніміздей, Министрліктер үйі - қаладағы ең ұзын ғимарат және 20 бөліктен құралған. Қызметкерлер саны көп болғандықтан, көлік саны да аз емес. Бұл мәселе жобалау кезінде қарастырылды ма?

- Иә, алғашқы жобада тұрғын үйлер астында мың жарым көлікке арналған автотұрақ жоспарланған еді. Бірақ, нысанды тұрғын үй кешенінен Министрліктер үйіне өзгерту барысында Қауіпсіздік қызметі жерасты автотұрағына тыйым салды. Оның орнына акт залдары, асханалар және өзге де әкімшілік-тұрмыстық орындар пайда болды.

- Ғимаратты жобалауда бекітілген, бірақ іске асырылмаған детальдар бар ма? Министрліктер үйі сіз ойлағандай тұрғызылды ма?

- Алтын мұнаралар әлдеқайда биік және жіңішкелеу болып жоспарланған еді. Бірақ, депутаттар бұл нысандарды 27 қабаттан 21 қабатқа дейін төмендетуді талап етті. Себебі, алтын мұнаралардың биіктігі арттағы үкіметтік ғимараттардан асып кетпеуі керек.

- Орталық мемлекеттік органдар орналасқандықтан, ғимараттың ішіне кез келген адам кіре алмайды. Осы орайда Министрліктер үйінің іші қалай жоспарланғанын айтып берсеңіз. Неге басымдық бердіңіздер, қалың оқырман біле бермейтін қандай ерекшеліктері бар? 

- Бұл кешенде жаңа сауда орталықтарындағыдай тамашалайтын ештеңе жоқ. Кәдімгі әкімшілік (үкіметтік) ғимарат. Негізгі министрліктер бір кешенде орналасатындықтан, ең алдымен ғимараттың функционалдылығына мән бердік. Тігінен де, көлденеңінен де ыңғайлы байланыспен қамту маңызды болды. Сондай-ақ, қажетті инфрақұрылым, мәжіліс залдары, асхана және әр министрліктің өз кіреберісі жасалды.

- Астанаға «Солтүстік шұғыласы», «Сулы-жасыл бульвар», «Тілеп» қобыз сарайы сынды бірегей ғимараттарды сыйладыңыз. Қазіргі Астана сәулеті жөнінде қандай пікірдесіз?  Қандай нысандар салынуы керек? Не нәрсені назарда ұстау керек? 

- 20 жылда Астана 250000 халқы бар облыс орталығынан миллион адам тұратын заманауи қалаға айналды. Миллионнан астам шаршы метр ғимарат салынды. Әрине, бұл жақсы. Дегенмен, әлемдік қауымдастық мойындаған нағыз сәулет шедеврлері де тұрғызылса деймін. Париждегі Эйфель мұнарасы немесе Гранд арка, Куала Лумпурдегі Петронас Тауэрс, Сиднейдегі Опера театры, Дубайдағы Бурж Халифа және т.б. Әр ғимарат жобалануына қарай  үздік туынды бола алады. Мұнда оның көлемі мен бюджеті маңызды емес.

- Бір кездері шаңғымен сырғанауға болатын ерекше тұрғын үй жобасын таныстырып едіңіз. Оған қызығушылық танытқандар болды ма? Одан өзге қандай жаңа жобалар әзірлеп жатырсыз?

- Слалом-үй жобасын таныстырғаныма 6 жыл болды. Түрлі себептерге қатысты нысанды жобалау процесі ұзаққа созылып, құрылысы кейінге қалдырылып келеді. Инвесторлар мен құрылысқа бөлінген жер дайын. Қазіргі уақытта Әкімдіктің нысанды жобалау туралы қаулысы бар, жоба Қала құрылысы кеңесінен өтті, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Егер бәрі оңымен аяқталса, 2018 жылдың соңында құрылыс басталуы керек.

Одан бөлек, түрлі конкурстарға қатысып, инвесторларға Бұлт-қала, Қолжетімді баспана сынды жобаларымды ұсынып жүрмін. Олар да қызығушылық танытып жатыр. Бәрі өз кезегімен жүзеге асады деп үміттенемін. Осы сәтті пайдалана отырып, елордамызды салуға өлшеусіз үлес қосқан сәулетшілер мен құрылысшыларды Астананың 20 жылдығымен құттықтағым келеді.

- Расында да, Астананың тұрғызылуына сіздердің қосқан үлестеріңіз мол. Мерейтой құтты болсын!

***

Министрліктер үйі 2006 жылы ашылған.

Ұзындығы - 1,5 шақырым, 20 бөліктен құралған және 8 қабаттан 10 қабатқа дейін сатылай көтеріледі.

Нысанның жалпы аумағы - 228 мың шаршы метр.

Ғимараттың қасбетіне аса ерекше талап қойылды - ашық түстер ғана қолданылуы тиіс.

Жұмыс кабинеттері мен кеңселік мекемелерден бөлек, мәжіліс залдары, музей және емхана бар.

4 конференц зал, 6 асхана, архив, музей, емхана бар.

Қазақстанның 27 министрлігі мен ведомстволары орналасқан. 

 

Соңғы жаңалықтар