Министрлікте балабақшаларға шағымдар туралы айтты: Баланы сүйреген, тұншықтырған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Оқу-ағарту министрлігі балабақшалардың жұмысына қатысты ондаған арыз-шағым түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балабақшаларда балаларға қарау жағдайына, қызметкерлердің жұмысына, сондай-ақ бүлдіршіндердің денсаулығына әрі өміріне зиян келтіруге қатысты шағымдар бар.

«Соңғы түскен арыз-шағымдар бойынша тексеру жүргізіліп, балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілері бойынша 5 әкімшілік іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғады. Резонанс тудырған оқиғалардың бірі ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сати» жекеменшік балабақшасында бүлдіршіндерге қатысты заңсыз фактілер тіркелген. Онда балабақша қызметкерлері балаларды сүйреп, бұрышқа тұрғызып, дауыс көтерген», - делінген министрлік мәліметінде.

Ал Атырау қаласындағы жекеменшік мектепке дейінгі мекемеде топтағы балалардың көп болуына байланысты тәрбиеші балаларға дұрыс бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан балабақшадағы үш бүлдіршін 2019 жылы туған қызды ұрып-соғып, денесіне зақым келтірген.

«Қызылордада жекеменшік балабақшалардың бірінің жүргізушісі мекемеге 7 баланы алып келген. Балаларды балабақшаға кіргізген тәрбиешінің көмекшісі бір баланың көшеде қалып қойғанын байқамай қалған. Жүргізуші де балаға мән бермей, баланы қағып кеткен. Осының салдарынан бала ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек, Теміртауда қыздың бетін көрпемен жауып, баланы тұншықтырмақ болған тәрбиешіге қатысты үкім шықты. Сот тәрбиешіні ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оны 3 жыл мерзімге кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, 120 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады.

Айта кетейік, қазіргі кезде балабақша ашу және жұмыс істеу үшін уәкілетті органға хабарлама жіберу жеткілікті. Дегенмен білім басқармаларының мектепке дейінгі ұйымдарды аралап, тексеруге заңды құқығы жоқ.

«Осыған байланысты балабақшаларды лицензиялау бастамасы қолға алынып жатыр. Бұл тұрғыда балабақшалардағы жағдайға, қызметкерлердің біліктілігіне, санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына, тамақ өнімдерінің сапасына, бейнебақылау камераларының жұмысына қатысты тиісті талаптар белгіленеді «, - делінген министрлік түсініктемесінде.

Бұған дейін хабарланғандай, балабақша қызметін лицензиялау 2024 жылы басталады.


Соңғы жаңалықтар