Министрлік ЖОО-ларда психологтерді даярлау бағдарламасына өзгеріс енгізуді ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде мектептердегі психологиялық қызметтің әлсіздігі айқын байқалып отыр. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан осылай мәлім етіп, мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде мектептердегі психологиялық қызметтің әлсіздігі айқын байқалып отыр. Олардың (мамандардың – автор) саны жеткіліксіз. Бұдан бөлек, жыл сайын балалардың құқық бұзушылық жағадайының түр-сипаты өзгеруде. Бір құқық бұзушылық жағдай екінші оқиғаға ұқсамайды. Жаңа буллингтің, қатыгездіктің түрлері пайда болып жатыр. Бұл интернеттің ашықтығымен байланысты. Мамандардың біліктілігін арттыру күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты білім беру жүйесінде психологиялық қызметтің жаңа моделін қабылдау мәселесі өзекті. Қазір министрлік осы бағытта жұмыс жасауда. Оның ішінде жоғары оқу орындарында психолог мамандарды даярлау бағдардамасына да тиісті өзгерістер керек», - деді Еділ Оспан.

Оның пайымынша, балалар үшін қауіпсіз интернет кеңістігін құру маңызды. Бұл орайда ата-аналар өз перзенттерінің ғаламтордағы іс-әрекетіне бақылауды күшейту керек. Ол үшін вице-министр жағымсыз ақпараттарға шектеу қоятын мобильді қосымшалардыы қолдануды ұсынды.

Сондай-ақ, Еділ Оспан қазір түрлі мәселесі бар 6 мың бала мектепішілік есепке алынғанын айтты.

Бұған қоса, өткен жылы бала алдындағы ата-ана міндетін орындамаған 7 мыңнан аса адам жауапқа тартылғанын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар