Министрлік жол қауіпсіздігін мектепте жеке пән ретінде оқытуды орынсыз деп есептейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті жол қауіпсіздігін мектептерде жеке пән ретінде оқытуды орынсыз деп есептейді. ҚазАқпараттың министр атына жолдаған сауалына комитет басшысының міндетін атқарушы Зәуре Байменованың қолымен жолданған жауапта осындай ұстаным айтылған.

«Жалпы білім беру ұйымдарында жаңа пәнді енгізу білім объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарында бекітілген апталық оқу жүктемесінің көлемін ұлғайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн», - делінген жауапта.

Ведомство дерегі бойынша, ел мектептеріндегі оқушылардың жүктемесі онсыз да дамыған елдер мен ТМД мемлекеттеріндегі нормадан артық.

«Қазіргі уақыттағы оқушылардың апталық жүктемесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрамына кіретін мемлекеттермен салыстырғанда сағат саны жағынан асып түседі. Осыған байланысты бүгінде орта білім беру жүйесінде білім алушының оқу жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Кешенді жұмыстың жүргізілуіне және білім берудің тиісті деңгейлеріндегі оқу пәндерінің мазмұнында қамтылуына байланысты «Жол қозғалысы ережелері» пәнін жеке пән ретінде енгізу орынсыз деп санаймыз», - деп жазылған комитет мәліметінде.

Еске салсақ, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жүру ережесі сабақтарын мектеп бағдарламаларында жеке міндетті пән ретінде өткізу мәселесі қарастырылып жатқанын еске салған еді.

«Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігіне жол жүру ережесі сабағын мектеп бағдарламасына жеке міндетті пән ретінде өткізу туралы ұсыныс жолдады. Біздің ұсынысымызды Үкімет қабылдады және мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді», - деген болатын аға инспектор.


Соңғы жаңалықтар