Министрлік Риддердегі ЖЭО туралы: Әкімдік пен меншік иесі келісе алмай жатыр

Автор:  
Дәулет Ізтілеу

Министрлік Риддердегі ЖЭО туралы: Әкімдік пен меншік иесі келісе алмай жатыр Фото: gov.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат – Риддер қаласындағы жылу электр орталығының иесі аталған объектіні коммуналдық меншікке бергісі жоқ. Бұл жайында Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс әкімдігі мен ЖЭО иесінің арасында жүріп жатқан келіссөз тығырыққа тірелді. Біздегі бар ақпарат бойынша, меншік иесі объектіні жай ғана бергісі келмейді, сатқысы келеді. Біздіңше, меншік иесі міндетін атқара алмаса, демек әлеуметтік әділеттілік болуы керек. Біз неліктен мүшкіл жағдайдағы нысанды сатып алуымыз керек?», - деді Жандос Нұрмағанбетов Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, Энергетика вице-министрі Павлодар, Қарағанды, Петропавл және басқа да жылу электр орталықтарының иелері инветиция тарту, жөндеу және орталықтарды келесі жылу маусымына дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, Риддер ЖЭО-да былтыр қараша айында болған апаттан кейін мұнда төтенше жағдай күні бүгінге дейін қайталанып келеді.

Мәселен, биыл 5 қаңтарда ЖЭО-да багер станциясы қайтадан су астында қалды. 19 қаңтарда аталған орталықта өрт шықты. 28 ақпанда №1 және №2 қазандықтар жұмысы тоқтатылды.

21 наурызда ЖЭО-ның екі қазандығы отқа оранды.

Осыдан бірнеше күн бұрын Риддер жылу электр орталығына 11 млн теңге айыппұл салынған болатын.





Серіктестер жаңалықтары