Министрлік оқулық тапшылығын толығымен жоймақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асанова оқулық жетіспеушілігі мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқулықтар мәселесіне келсек, бұған бағытталған шығындарды жергілікті орган қаржыландырады. Жан басына шаққандағы қаржыландыруға  оқулықтар кірмейді. Негізінен оқулық тапшылығы тек қыркүйек-қазан айларында ғана сезіледі. Бұл мәселе әкімдіктердің қарауында»,- деді вице-министр Бибігүл Асылова Алматыда өткен жиын барысында.

Ол жақын арада білім саласын цифрландыруға байланысты  оқулық тапшылығы мәселесі  де өзектілігін жоятынына сенімді.

«Жаңа мазмұн бойынша шыққан оқулықтардың электронды нұсқасын ҚР БҒМ «Оқулық» орталығынан алуға болады. 2, 5, 7 сынып оқулықтары сайтта тұр. 2018-2019 оқу жылдары 3, 6, 8 және 10 сыныптарға арналған,  2019-2020 оқу жылдарының - 4, 9, 11 сынып оқулықтары жарияланатын болады»,- деді вице-министр.

Республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының жетекшісі Роза Садықова жекеменшік мектеп мұғалімдерінің білімдерін жетілдіруге мүмкіндіктердің болмай жататындығы туралы айтты.

«Қазақстанда мұғалімдердің біліктілігін тек қана Өрлеу институты өткізеді. Біздің мұғалімдердің Өрлеуден сертификаты болмағандықтан, аттестация кезінде көп қиындықтар туындайды», - деді Роза Садықова.

Вице-министр жекеменшік білім беру ұйымдарының мәселесі жақын арада оң шешімін табатынын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Үкімет  жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу арқылы жекеменшік мектептердің құрылысын ынталандыруға ниетті.

Еске сала кетейік, бүгінгі отырыс барысында жекеменшік және мемлекеттік мектептердегі жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі қозғалды. 

Соңғы жаңалықтар