Министрлік өкілдері қымбат қондырғыны не үшін сатып алғанын түсіндіре алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бүгінгі отырысында «Агробизнес - 2020» бағдарламасына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы талқыланды.

Жиын барысында комитет басшысы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин аса қымбат қондырғыны не үшін сатып алынғанын сұрады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2014 жылы агроxимиялық қызмет 46,6 млн. теңгеге автоматтандырылған талдау жүйесін сатып алған екен. Алайда оны әлі күнге дейін қоймадан шығарған да жоқ. Екі жарым жыл өтті. Ол қондырғыны не үшін сатып алдыңыздар? Кім жауап бере алады?» - деп сұрады комитет төрағасы.

Осы мәселе бойынша есеп берген ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі Бақытжан Сәлемовтің жауап беруін сұрады. Алайда ол тұщымды жауап бере алмады.

«Құрметті Қозы-Көрпеш Есімұлы, құрметті комитет мүшелері, там...Жаңағы...Агроxимиялық...Жаңағы мекемесі бойынша 2014-2015 жылдары лабораториялық құрал-жабдықтар алынған...Іздестіруді жүргізу бойынша...Ол кемшіліктерді жою бойынша қазір министрліктің ішкі жоспары жасалды. Қазір кемшіліктерді жою жүріп жатыр. Ол жабдықты жақын арада іске қосуға...» - деп жауап беріп жатқанда Есеп комитетінің басшысы: «Ол жүйе қайда қазір? Қоймада жатыр ма? Не үшін алдындар?» - деп сұрады. Б.Сәлемов аталған қондырғыны жердің құнарлығын тексеру үшін алынғанын жеткізді.

«Ештеңе тексеріп жатқан жоқсыңдар ғой. Үш жыл болды. Қоймада жатыр. 50 миллион жұмсалды. Не үшін алдыңдар? Сол күйі жатыр ма? Ол шіріп кеткен де шығар», - деді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста «Агробизнес - 2020» бағдарламасына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесі жарияланды. Бағдарлама аясында қыруар қаржы тиімсіз жұмсалды. Миллиардтаған ақшаға салынған құрылыс нысандары әлі күнге дейін қаңырап бос тұр.  

Соңғы жаңалықтар