Министрлік LRT құрылысын аяқтауға қаржы қайдан алынатынын түсіндірді

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева елордалықтарды алаңдатқан LRT құрылысына қаржы қайдан бөлінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құжаттамаға қажетті бүкіл іс-шаралар аяқталғаннан кейін қаржы қарастырамыз. Ақша Үкімет резервінен бөлінбейтін шығар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бойынша бюджеттік бағдарламалар қайтадан бөлінеді. Тиісті трансферттер қосылады. Мұның бәрі келесі жылы бюджетті нақтылайтын кезде болады. Барлық құжаттама қажетті процедуралардан өтті. Бірқатар көрсеткіш қайта қаралды. Заңнаманың бүкіл талабы сақталды. Қазір пысықталып жатыр. Одан кейін қаржыландыруға ешқандай кедергі болмайды», - деді вице-министр БАҚ өкілдерінің LRT құрылысына қатысты сауалына орай.

Сонымен қатар ол журналистердің «Президент жобаны одан ары жалғастыруға вето қоймай ма?» деген сауалына да жауап берді.

«Президент үшін жауап беріп, шешім шығара алмаймыз. Дегенмен, мәселенің жай-жапсары Үкімет ішінде және әкіммен толық талқыланды. Барлық материал Президентке ұсынылды. Ресми хат алмасу болды. Барлығы қалай жүзеге асатыны Президентпен келісілген», - деді Татьяна Савельева.


Соңғы жаңалықтар