Министрлік құрылатын уақытша жұмыс орындарының санын шектемеуді ұсынады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде құрылатын уақытша жұмыс орындарының санын шектемеуді ұсынды. Құзырлы орган «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мәселелері туралы» бұйрығына осындай өзгеріс енгізіп, ашық талқыға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство ақпаратына сай, жұмыс берушілер базасының шектеулі болуына байланысты бірқатар өңірлерде қоғамдық жұмыстармен қамту бойынша мәселе туындаған.

«2022 жылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, Түркістан облысында жоспарланған 15,4 мың жұмыссыз адамның тек 9,5 мыңы ғана жұмысқа тартылған. Осы сияқты жылдық жоспар Маңғыстау облысында - 54,1, Шымкент қаласында - 63,7, Жамбыл облысында - 68,6, Ақмола облысында - 69,3, Ақтөбе облысында - 71,6, Шығыс Қазақстан облысында - 71,9%, ал Алматы облысында - 72 пайызға ғана орындалған.

Бұл ретте, жұмыссыз азаматтардың басым бөлігі тіркелген өңірлерде көп халық тұратынын атап өту керек. Жұмыс орындары санының шектеулі болуы жұмыссыздар тарапынан наразылық тудырып отыр», - деп жазылған бұйрықта.

Министрлік мәселенің шешімі ретінде құрылатын уақытша жұмыс орындарының санын шектемеуді ұсынып отыр.

«Бүгінде барлық өңірлерде жұмыссыз түлектерді жастар практикасымен қамту бойынша жоспарлы көрсеткіштерді орындай алмау қауіпі бар. 2022 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, жастар практикасына 9,7 мың адам жіберілді. Бұл – жылдық жоспардың 38,5 пайызы. Ал, осы аралықта «Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде 1 446 адам қамтылды. Бұл – жылдық жоспардың 36,1 пайызы ғана. «Күміс жас» жобасымен 816 адам жұмыс тапты. Осылайша, аталған бағдарлама бойынша жылдық жоспардың 16,3 пайызын ғана орындадық.

Төмен көрсеткіштер жұмыс берушілер санының шектеулі болуына байланысты. Сондықтан, заңнамада көзделген шектеулерді алып тастау ұсынылады», - деп көрсетілген құжатта.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бүгінде қоғамдық жұмыстарға жыл сайын жұмыссыз азаматтардың 40 пайызы тартылады. Ал, жылына әлеуметтік қызметтер мен жастар практикасы бойынша жұмыс іздегендердің тек 20 пайызы қымтылады.

Қоса кетсек, бұған дейін елордада 5 мыңға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар