Министрлік кинофильмдерді прокаттан не үшін және қалай алмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сот шешімінсіз прокаттағы фильмді кері қайтаруға рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұндай норма Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған кинематография туралы заң жобасында қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егер де фильм прокатқа шыққанымен, алайда талаптар орындалмаса, біз оны прокаттан кері қайтара аламыз. Қазіргі кезде Әділет министрлігі мен судьялар бұл мәселе бойынша сотқа жүгінудің қажеті жоқ екенін алға тартуда. Өйткені сот шешімі шыққанша, тиісті уақыт керек. Сот бірнеше инстанцияларда өтуі мүмкін. Яғни сот шешімі шыққанға дейін, бұл фильмнің прокаты аяқталып та қалады», - деді ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл процесті жылдамдату ұсынылуда. Сондай-ақ прокаттық куәлікті ұсынған органға аталған құжатты қайтарып алу құқығын беру ескеріліп отыр.

«Прокатқа шыққан кезде фильм тиісті талаптарға сәйкес болуы қажет. Мәселен, фильмнің хронометражы 160 минутты құрауы керек. Ал кейде хронометражы үлкен фильмдер қойылады. Осындай жағдайларда меморган прокаттан қайтарып алу құқығына ие», - деді ведомство басшысы.

Осы орайда ол шешімді сарапшылық кеңес қабылдайтынын, оның құрамында танымал қоғам қайраткерлері, кино өнерінің мамандары болатынын сөз етті.

«Прокатқа шығарушылар қолданыстағы нормаларды бұзбауға тырысатынын атап өткен жөн. Себебі олар осы нарықта ары қарай жұмыс істегенді қалайды. Аталған норма ерекше жағдайлар үшін жазылған», - деп түйді А. Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар