Министрлік киік атуға рұқсат берудің жай-жапсарын түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғылыми мақсатта киіктерді атуға рұқсат берудің мән-жайын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде киік атуға тыйым салынғалы зерттеулер жүргізілген жоқ. Оларды қорғау және өсімін молайту мақсатында кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, биыл Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми ұйымдармен бірлесіп, киіктердің популяциясына ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлады. Зерттеу барысында аталған жануардың көбеюіне болжам жасалып, мекендеу, таралу және көші-қон аумағы нақтыланады. Сонымен қатар, киіктердің қоректену базасы зерделеніп, ауыл шаруашылығына залал келтірмеуіне қатысты ұсыныстар әзірленеді», - делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Осылайша, биыл министрлік Зоология институтымен бірлесіп киік атуға квота бөліп отыр.

«Киіктердің популяциясы, жыныстық және жас ерекшеліктері, өлім-жітім көрсеткіші және жануарлардың тіршілігіне кедергі келтіретін факторларға мониторинг жасалып, зерттеулер жүреді. Сол арқылы киіктер саны көбеюінің биологиялық және технологиялық негіздері әзірленеді. Сондай-ақ, зерттеу жүргізу мақсатында киіктердің төлін тірілей алу көзделіп отыр», - дейді ведомстводан.

Киік атуға рұқсат беретін квота көлемі Зоология институты, Жәңгірхан атындағы БҚО агротехникалық университеті және Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық сияқты ғылыми ұйымдардың өтініміне қарай белгіленеді. Квота бойынша шектеу бар.

Министрліктің хабарлауынша, БҚО-да киіктерді сақтау және олардың өсімін арттыру бағытында орталық (питомник) жұмыс істейді.

Еске салайық, биыл 15 ақпаннан бастап бір жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін киіктерді атуға рұқсат берілуі мүмкін екенін хабарлаған едік. Ғылыми мақсатта Қазақстанның 4 облысы аумағында 1 815 киікті атуға рұқсат берілмек.


Соңғы жаңалықтар