Министрлік елімізде телефонды сатушыға қайтаруға неліктен тыйым салынатынын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі мамандарының пайымынша, жаңа заңнама ұялы телефонды заңды сатып алушының құқығын қорғайды. Осы орайда ведомство ұялы телефонды сатып алған адамдар неліктен кейінен бұл құрылғыны сатушыға қайтара алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, 2019 жылғы 2 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл заң кәсіпкерлік саласын заңнамалық жетілдіруге бағытталған.

«Тұтынушылар мен сатушылардың құқығын қорғау теңгерімін сақтау мақсатында тиісті сапалы абоненттік ұялы байланыс құрылғысы қайтаруға жатпайтын тауарлар тізіміне енгізілді. Бұл норма сонымен бірге тұтынушының құқығын қорғауға арналған. Бұған аталған өнімді сату кезінде құрылғының сәйкестендіруші авторизациялануын қамтитын бірқатар бағдарламалардың іске қосылуы себеп болып отыр», - делінген хабарламада.

14 күн ішінде қайтарылған құрылғының сапасы тиісті дәрежеде болса да, шын мәнінде телефон бұрын қолданыста болған өнім ретінде тіркеледі. Яғни телефон бірінші иесінің барлық цифрлық деректерін жоюды талап ететін техникалық құрылғыға айналады. Мұндай тауарды кейіннен сатқан жағдайда, жаңа заңды иесі үшін бірқатар қисынсыз мәселелер туындайды.

«Бұл ретте аталған норма төмен сападағы, яғни техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттар арқылы белгіленген талапқа сәйкес келмейтін абоненттік ұялы байланыс құрылғысына жүрмейді. Бұлардың қатарына зияткерлік меншік құқығы бұзыла отырып, тұтынуға қатыссыз, тауарлық түрі, тұтыну сипаттамасы, пломбасы мен затбелгісі сақталмай шығарылған тауарлар жатады. Мұндай жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сатушы (дайындаушы) осы тауарды өнім сатып алынған күннен бастап отыз күнтізбелік күннің ішінде тұтынушыға сатып алынған тауардың ақшалай сомасын қайтарып бере отырып, айырбастауға немесе қайтаруға міндетті», - деп аталып өткен министрліктің мәліметінде.

Бұдан бөлек, Заң электрондық және биржалық сауданы, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сауданы жетілдіруге, салық және кедендік әкімшілендіру, экономикадағы көлеңкелі айналымды қысқарту және бизнес шығындарын азайтуға байланысты жаңалықтардан тұрады.

Осы орайда тұтынушылардың құқығын қорғауға орай бірқатар маңызды түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, электрондық сауда тұтынушыларының мүддесін сауда қызметі туралы заңда көзделгендей деңгейде қорғау қағидасы бекітілді. Бұл тұрғыда мәселенің мән-жайы сауда түріне қарамастан, сатушыларға қойылатын ортақ талаптар туралы болып отыр. Тиісті сападағы, электрондық сауда арқылы алынған тауарды 14 күннің ішіне қайтарып беру мүмкіндігі көзделуде. Сондай-ақ «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» және «Жарнама туралы» Заңға сатып алушыға тауарды жеткізу құны мен мерзімін шарт жасалғанға немесе төлем төленгенге дейін міндетті түрде хабарлау туралы түзету енгізілді. Міндетті түрде сатушының мекенжайы мен байланыс телефоны қолжетімді, ал пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз ету заңсыз кіруден қорғалған болуы тиіс.

Соңғы жаңалықтар