Министрлік «EcoQolday» платформасын қайта іске қоспақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұрынғы «Оператор РОП» компаниясына қарасты «EcoQolday» жобасы қайта қолға алынады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаменті өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін дамыту басқармасының басшысы Сәбит Тоқмырзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған платформа қайта өңделетін қаптама қалдықтарын (макулатура, пластик, шыны) жинау, тасымалдау жəне қайта кəдеге жарату бағытындағы кəсіпкерлер мен салада өз бизнесін бастағысы келетіндерге арналған.

«2022 жылға дейін «Оператор РОП» компаниясының қызметі аясында «EcoQolday» платформасы жұмыс істеп келді. Жыл басындағы өзгерістерге сәйкес компанияның бұған дейінгі қызметі өз күшін жойды. Осыған орай біздің министрлік аталған платформа механизмін қайта іске қосуды қарастырып жатыр. Яғни арнайы кәсіпорынды субсидиялау арқылы жүзеге асырылады», - деді Сәбит Тоқмырзаев Астанада өтіп жатқан электрондық қалдықтар мәселесіне арналған ұлттық форумда.

Еске сала кетсек, биыл қаңтарда Мемлекет басшысы Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырған еді.

«Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП» утильдік алым жинауын әкімшілендіруді тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы тиіс», - деген еді президент.

Сондай-ақ биыл 1 сәуірде 13 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басқарушы директоры ұсталды.


Соңғы жаңалықтар