Министрлік бұрын сотты болған адамдарды жұмыспен қамтуға екпін қоймақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі әкімдіктерден бұрын сотты болған адамдарды жұмыспен қамтуды талап етпек. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты қадамдарды өзгертеміз. Жалпы, соңғы 5 жылда жастар және кәмелетке толмағандар тарапынан орын алған қылмыс төмендеп келеді. Алайда ең басты проблема жұмыспен қамтуға байланысты болып отыр. Себебі 2018 жылы тіркелген 46 мың қылмыстың ішінде 35 мыңнан астамы жұмыссыздарға тиесілі. Яғни олар білімін жетілдіруге бармағандар, тұрақты жұмысы мен тұрғылықты жері жоқ жандар». - деді Ж. Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, 30 мыңнан астам адам пробация есебінде тұр. Оның ішінде 11,5 мыңнан астамы жұмыспен қамтылмаған.

«Бұл тұрғыда әкімдіктерден бірінші кезекте бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмыспен қамтуды талап етпекпіз», - деді Жанат Сүлейменов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет сағатында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету шаралары туралы айтты.

Сонымен қатар ол осы аптада Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастарды пәтермен қамтамасыз етуге арналған жобаға байланысты келісім жасалатындығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар