Министрлік АҚШ-та қарақшыларға тойтарыс берген қазақ жігіті жайында пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ-та жүрген қазақстандық Олжас Қалдыбаевқа жасалған қарақшылық шабуылдың мән-жайын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәлім болғандай, біздің елдің азаматына жергілікті қылмыстық топ шабуыл жасаған. Олар оның сөмкесін алып қоймақ болған. Айтуынша, сөмекеде құжаттар және ақша болған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қазақстандықтың сөмкесін ұрлаған қылмыскерлерді іздестіріп жатыр. Шабуыл кезінде Қазақстан азаматы жеңіл жарақат алған, медициналық көмектен бас тартты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол аталған елге заңды негізде барған», - деп түсіндірді Айбек Смадияров.

Министрлік өкілінің дерегінше, Олжас Қалдыбаев әуе диспетчері мамандығы бойынша Латвияда білім алып жүр. Ал, Майамиге оқу бойынша екі айлық курсқа барған.

Еске салайық, кеше әлеуметтік желілерде АҚШ-та жүрген қазақстандық Олжас Қалдыбаевқа қарақшылық шабуыл жасалғаны және қазақ жігіті қылмыскерлерге тойтарыс беріп, қаруын тартып алғаны туралы видеолар тарады.

Өзінің айтуынша, тапанша мен мылтық ұстаған үш жігіт сөмкесін тартып алған.

Бірақ кейін олардың бірін қуып жүріп ұстаған және оны жібермей отырып полицейлерді күткен. Барлығын видеоға түсіріп алған.

Сол кезде қарақшының екі досы оны босату үшін қайта оралған. Қолдарында тапанша болған. Олар қазақ жігітіне шабуыл жасаған.

Алайда, Олжас күтпеген жерден қарсылық көрсетіп, қаруды тартып алған. Ұрылар қашып кеткен.

Көп ұзамай полицейлер жеткен. Қарақшыларды іздеуге 6 полиция көлігі мен тікұшақ жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар