Министрлік 20 мың тонна пиязды экспортқа шығару үшін квота енгізбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуір айында 20 мың тонна пиязды экспортқа шығару бойынша квота енгізуі мүмкін. «Ашық» НҚА порталында жарияланған ведомство басшысының бұйрығында осылай жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20 000 тонна пиязды Қазақстан аумағынан үшінші мемлекеттерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге 2023 жылғы 28 сәуірге дейінгі мерзімге сандық квота енгізілсін», - деп жазылған бұйрықта.

Бұл бұйрық заңды күшіне енген соң, өтініш берген әр экспорттаушыға 500 тонна лимит беріледі.

«Қазақстан аумағынан тауарларды әкетуге арналған квота толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады», - деп түсіндірме берілген бұйрыққа.

Құжат 29 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.

Еске салайық, 17 қаңтардан бастап Қазақстаннан пияз экспорттауға үш айға шектеу қойылған болатын.

Бірнеше күн бұрын бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин пиязды елден шығаруға қойылған тыйымды алу бастамасы Үкіметтің күн тәртібінде көтерілмегенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар