Министрлер мен әкімдер ыңғайсыз сұрақтан жалтармауы керек - саясаттанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Министрлер мен әкімдердің ашық сұраққа ашық жауап беруі қалыпты жағдайға айналуы керек. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев әлеуметтік желіде бірнеше министрдің БАҚ өкілдеріне берген жауаптарынан кейін туындаған пікірталас бойынша осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір БАҚ пен блогерлер кейбір министрлер мен әкімдердің журналистерге берген жауабын кекесінге айналдырып жатыр. Халықтың бір бөлігіне қант туралы (Сұлтанов, Жұманғарин), мектеп формасы туралы (Аймағамбетов), жарықтан ажырату фактісі туралы (Досаев) сұрақтарға берілген жауап ұнамаған. Бұл жерде баршаға ұнайтын мінсіз жауап жоқ екенін ескеру керек. Қойылған сұраққа шынайы жауап берілген, тіпті Аймағамбетов түбіртегін де көрсетті.

Меніңше, бұл – кәдімгідей қалыпты жағдай. Министрлер мен әкімдер шенеунікше жұмысы, жеке басы туралы қолайсыз сұрақтардан жалтармауы керек. Ондай шенеуніктер бізде жетіп артылады. Министр, әкім, Президент әкімшілігінің басқарушы қызметкері, мемлекеттік холдинг басшысы саясаткер болғандықтан адамдармен қашқақтамай сөйлесуі керек», - деп жазды саясаттанушы телеграм арнасында.

Сондай-ақ, ол Президент Жарлығымен министр, әкімдердің халықпен кездесулерінің форматы өзгертілгенін еске салады.

«Министрлер мен әкімдердің халықпен кездесуі 75 пайыз диалог түрінде өтуі керектігі ережемен бекітілген. Монологқа айналмауы керек және көшпелі болуы шарт. Ештеңе күйреп қалған жоқ. Министрлер, әкімдер халықтың ортасына емін-еркін барып, сөйлесіп жүр. Басшылар ол шаралардан пиар жасап жатқан жоқ. Мұны БАҚ та, халық та жылы қабақпен қабылдады. Мұндай жүйені Президент әкімшілігі айтарлықтай қатаң қадағалап отырғанын айту керек», - деп жазды Данияр Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар