Министрлер ЭЫДҰ Елдік бағдарламасының нақты нәтижелері туралы айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Министрлер «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы - 2017 барысында ЭЫДҰ Елдік бағдарламасының нақты нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Қазақстан  ЭЫДҰ 29 декларациясының 14-ін енгізді.

«ЭЫДҰ декларациясы Қазақстандағы көптеген заңнамалардың негізіне айналды. Қазір 2018 жылға дейін екінші фазасы жүзеге асып келеді. Бұл жұмыс Қазақстан экономикасының секторларын дамытуға, қайта жаңғыртуға бағытталған. Қазақстан барлық нұсқауларды жүзеге асыру жолында нақты қадамдарға барып жатыр. Бұл міндеттердің барлығы ҚР Үкіметінің іс-әрекет жоспарына енді. Электронды Үкімет бойынша да маңызды қадамдар жасалды. Елдік бағдарламаның тиімділігіне қол жеткізген Қазақстан өзінің көршілес елдерімен тәжірибе бөліседі деген ойдамыз», - деді ЭЫДҰ Еуразия елдерімен жұмыс бөлімінің басшысы Уильям Томпсон.

ҚР Инвестициялар мен даму министрі Жеңіс Қасымбек ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық министрлік жұмысына тиімді ықпал етіп отырғанын айтты.

Министрлік ұйыммен 5 бағыт бойынша жұмыс жасап келеді.

Атап айтқанда, инвестициялық климат, көлік секторы, индустрия, инновациялар мен кен орындарын игеру бағытында 4 ұйыммен белсенді жұмыс жасауда.

Биыл мемлекет ЭЫДҰ халықаралық көлік форумының  58-қатысушысы атанды.

Халықаралық инвестиция мен жаңа ұлттық кәсіпорындар бағыты бойынша ЭЫДҰ декларациясына Қазақстан 48-ші болып қосылды.

«2009 жылдан бері екі инвестициялық саясатқа шолу жасалды. 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша бірқатар заңнамаға өзгеріс енгізілді. Әсіресе салық саласындағы өзгерістер тиімді болды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 20 пайызға артқан. Инвестициялар өңдеу саласына тартылып жатыр. Көптеген нұсқау бойынша жасалған өзгерістер тиімділігін көрсетіп отыр. Инвесторларға визалық режімді жеңілдеттік. Мұнда 60 елдің азаматтары, мен ЭЫДҰ өкілдері 30 күн визасыз режімде тұра алады. Еңбек  туралы заңнаманы инвесторларға арнап өзгерттік. Кеден, салық кодекстеріне өзгеріс енгіздік», - деді Жеңіс Қасымбек.

Ал ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек саласындағы өзгерістер туралы баяндады.

«2 жыл ішінде ЭЫДҰ-мен біріге отырып жастар мен әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған азаматтар бойынша бірқатар жоба жүзеге асты. Нарықта бұл өте ұрымтал тұс десек болады. ЭЫДҰ 30 шақты ұсыным берді. Барлығы бойынша жұмыс жасап жатырмыз.  Бірінші ұсыным -  еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғау. 2016 жылы жаңа Еңбек кодексін жасадық. Оған барлық ұсынымдар енді. Ең алғаш рет өндірістік кеңестер енгізілді. Қазір жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасында еңбек шартын жақсарту бойынша 12 мың кеңес жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, бірқатар ұсынымдар бойынша еңбек стандарттарын жетілдіру бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.

2021 жылы ЭЫДҰ- ның қауіпсіздік шарттары бойынша барлық міндеттер қамтылады. Сондай-ақ, еңбек ресурстарын пайдалану бойынша мамандардың біліктілігі бойынша мәселелер шешімін тапты. Жұмыспен қамтудың жол картасы 800 мың адамды қамтыды. Жұмыссыздық көрсеткішін  4,9% дәрежесінде сақтап қалдық. Үнемі біліктілікті көтеріп келе жатырмыз. Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы трансформациялана бастады», - деді Тамара Дүйсенова.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ЭЫДҰ жасыл экономика, экологиялық реттеу саласында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ЭЫДҰ ұсынымдарымен жанама сәйкесетін білім саласындағы реформалар туралы айтты.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша,  ЭЫДҰ Елдік бағдарлама аясында Қазақстанға жасаған ұсынымдары 500 пункттен тұрады. Оның 60%-ы жүзеге асты, 40 %-ы болашақта қолға алынады.

«Барлық жобалар біз ойлағандай тез жүріп жатқан жоқ. Бұрынғы заңнама мен бюрократиялық аппарат көптеген әлеуметтік саяси мәселелердің шешімін табуға кедергі келтіріп отыр. Сонда да Елдік бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмысты жемісті деп айтар едім», - дедіТимур Сүлейменов.

 Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы 1948 жылы құрылған. Бұл дамыған елдердің демократия мен еркін нарықтық экономика принциптерін мойындайтын халықаралық ұйым.

ЭЫДҰ Еуразия апталығы Алматыда бірінші рет өтіп жатыр.

Шараның ашылуында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев сөз сөйлеген болатын.

Соңғы жаңалықтар