Министр журналистерді аккредиттеу туралы сұраққа жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аккредиттеуге байланысты журналистердің наразылығына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Хабар арнасының «Ашық диалог» бағдарламасында Ақпарат және коммуникациялар министрінен тілшілерді аккредиттеу бойынша сұрақ қойылды.

«Тілшілерді аккредиттеу шараларын қатаңдату не үшін қажет болды? Барлық тілшілер қауымы мұндай бастамаға наразы екендіктерін білдіріп жатыр», - деді бағдарлама жүргізушісі.

Өз кезегінде Дәурен Абаев ешқандай ереже қатаңдатылмағанын айтты.

«Ол ережелер керек десеңіз, 2013 жылы қабылданып қойған болатын. Аккредиттеу бойынша біз екі пункт қана қостық. Оның бірі - акредиттеуші ұйымның ішкі тәртібін сақтау бойынша тілшінің қағаз жүзінде келісім беруі. Менің ойымша, бұл ойлы әрі жалпы қабылданған тәжірибе. Сіз музей немесе кітапханаға барсаңыз, онда сақталуы тиіс белгілі бір ережелер бар. Мемлекеттік органдармен де жағдай солай. Әрбір мемлекеттік органның өзіндік регламенті бар. Осы регламентті орындаудың ешқандай күрделілігі жоқ», - деді министр.

Дәурен Абаевтың айтуынша, енгізілген екінші пункт - тілші мен БАҚ арасындағы келісімнің барын растайтын құжаттың көшірмесінің болуы.

«Мәселен, осы бастаманы кейбір бас редакторлар білдіргенін айта кету керек. Кейде белгілі бір тілшінің редакцияда жұмыс істемесе де, шараларға барғанда сол ұйымнан екенін айтып, кіріп жүрген жағдайлар болды. Бәрі де әрбір аккредиттеу кезінде тілші еңбек кітапшасын алып келуі керек екен деп, ашуланып жатыр. Тілші әрбір келген кезінде оны алып келуі міндетті емес. Бұл ережелер бойынша белгілі бір органның барлық шаралары үшін акредиттеу жылына бір рет өткізілетіні бекітілген. Бұл тілшінің де, мемлекеттік органның да жұмысын жеңілдетеді», - дейді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар