Министр Жеңіс Қасымбек жергілікті жерде жалақыны қалай көтереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек жергілікті жердегі қызметкерлердің жалақысын қалай көтеретінін түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, биылдан бастап аталған мемлекеттік орган факторлы-балдық шкаламен жалақы тағайындау жүйесіне көшеді.

«Бүгінде бірнеше министрлік ол жүйеге ауысты. Біз де биыл ондай жүйені өзімізге енгізуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, қазір біз барлық вакансияларды қысқартып жатырмыз. Әйтпесе, бос орындар бар, бірақ жарты жыл, тіпті бір жыл бойы оған ешкім келмейді. Бүгінде біз мораторий жарияладық. Әзірше, ешкімді алмаймыз. Соның есебінен жалақының қоры ұлғаяды. Негізі, біраз қаржы жиналайын деп тұр», - деді Ж.Қасымбек Астанада өткен жиында.

Оның сөзіне қарағанда, министрліктің өз ішінде және оған қарасты құрылымдардың әкімшілік шығындары барынша қысқартылады. Ол қаражат та жалақыны көтеруге жұмсалады.

«Осылайша, біз ең алдымен аймақтарда жалақының көлемін өзгертуді көздейміз», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, жиын барысында министр өз қызметкерлеріне жемқорлық үшін жұмыстан шығаратынын ескертті.

«Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Жатқанбайұлымен кездескенде біз былай келістік. Егер аумақта бір басшы ұсталса, онда осы салаға жауапты комитет төрағасы немесе оның орынбасары отставкаға кетуі керек. Қазір біз агенттікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бәлкім, ортақ бір құжатты қабылдаймыз. Алайда бұдан былай менде осындай ұстаным болады. Мәселен, бір саланың басшысы парамен ұсталса, комитет төрағасының орынбасары жұмыстан кетуі тиіс. Ал жергілікті жерде инспектор қолға түссе, бірден департамент басшысы жұмыстан кетеді», - дейді Ж.Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар