Министр жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасының негізгі бағыттарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда аталған заң жобасы әзірленді. Заң жобасының бірінші нұсқасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» сайтында орналастырылды. Талқылау барысында біз 1600-ге жуық ескерту мен ұсыныс алдық. Аталған заң жобасының негізгі жаңалықтары мыналар: жеке қосалқы шаруашылық қызметінің заңнамалық негізін құру. Өкінішке қарай, бұл – адам қызметінің заңмен реттелмеген салаларының бірі. Оның мәртебесі де айқындалмаған. Біз заң жобасында жеке қосалқы шаруашылықты азаматтың жалдамалы жұмыс күшін тартпайтын кәсіпкерлік емес қызметі ретінде тіркедік. Екіншіден, кооперативтер арқылы оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін нормалар енгізілді», - деді Е. Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұдан бөлек министр жергілікті атқарушы органдарға жергілікті мүмкіндіктер есебінен жеке қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсету, жергілікті бюджеттерге тиісті шығын баптарын енгізу өкілеттіктері берілетінін атап өтті.

«Мұның бәрі жеке қосалқы шаруашылықтарға қатысты әділетсіздікті жою үшін өте маңызды. Ал ол әділетсіздіктің бары рас. Атап айтқанда, бүгінде елде 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар, онда елдің мал басының жартысына жуығы шоғырланған, олар іс жүзінде мемлекет тарапынан ешқандай қолдау алмай-ақ елдің ішкі нарығының мал шаруашылығы өнімдеріне деген қажеттіліктің жартысына жуығын қанағаттандырып отыр. Сонымен қатар оларды жайылымдық жерлермен және азықпен қамтамасыз ету мәселелері әлі де шешілмеген. Бұл проблема жыл өткен сайын ерекше өзектілікке ие бола түсуде. Мұны биылғы құрғақшылық дәлелдеп берді, осының салдарынан Маңғыстау облысы қатты зардап шекті», - деді министр.

«Шын мәнінде, биыл біздегі мал шаруашылығы саласының ауа райы жағдайына барынша осал екенін көрсетті. Кеше ғана мен өңірлерден келген фермерлермен кездестім. Оларды тыңдағаннан кейін мен бұл мәселені шешу үшін бір реттік іс-шаралар емес, жүйелі шаралар қажет екеніне тағы да көз жеткіздім», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар