Министр Тараз өңірлік университетінің жаңа ректорын таныстырды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жаңа ректорын ұжымға таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Асхат Аймағамбетов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Оның барысында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. Кездесуге Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі ұжымға университеттің жаңа ректоры Талғат Ешенқұловты таныстырды.

Министр Талғат Ешенқұловтың білім беру саласындағы мол тәжірибесін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттемелерді ұжыммен бірге ойдағыдай орындайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ бұған дейін университет ректоры қызметін атқарған Махметғали Сарыбековке жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, оның білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.

«Еліміздің болашағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен біліктігіне байланысты. Сіздерге үлкен үміт артылып отыр. Өйткені сіздер өз білімдеріңізді Отанымыздың болашағы үшін еңбек ететін ұрпақты лайықты тәрбиелеу жолында жұмсайсыздар. Сізге өте маңызды міндет - жоғары білікті мамандарды даярлау тапсырылды», - деді облыс әкімі жиналғандар алдында.

Кездесу барысында білім сапасы, дуалды оқыту, түлектермен байланыс, ғылыми жобаларды дайындауға қатысты мәселелер талқыланды.


Соңғы жаңалықтар