Министр Т.Дүйсенова медициналық қауымға «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы баяндап берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қалалық медициналық қауыммен кездесу барысында 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын қорытындылап, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы баяндап берді.

Министрдің айтуынша, «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы бұған дейін қабылданған 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының дәстүрлі жалғасы. Осы уақыт аралығында біраз жетістіктерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, халықтың өмір сүру ұзақтығы 71,62 жасқа жетті. Туу көрсеткіші 2,6%-ға өссе, ана өлімі 1,9 есеге азайды. Бала өлімінің көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді. 2010 жылы бұл көрсеткіш 16,58 болса, 2014 жылы 9,7 болды. Сондай-ақ Тамара Дүйсенова ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы да айтты. Министр медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіндегі орталық буын медициналық санитарлық алғашқы көмек (МСАК) болатынын айтты. Оның аясында тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отыр. «МСАК-тың әмбебаптылығы әрі қарай адамның белгілі бір жас ерекшеліктерінің кезеңіне қарай ағзадағы өзгерістерін ескере отырып, аурулардың алдын алу басымдылығымен денсаулығын бақылауға негізделген өмір бойы отбасылық қызмет көрсету қағидасына (ОҚКҚ) көшу арқылы қамтамасыз етіледі. ОҚКҚ-ні аймақтың кадрлық қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы практика дәрігерлері немесе учаскелік дәрігерлерден тұратын (терапевтер, педиатрлар, гинекологтар) мульти-тәртіптік топтар жүзеге асыратын болады», - деп түсіндірді ол. Сонымен қатар, оның айтуынша, транспорттық медицинаны, оның ішінде жедел медициналық көмек пен телемедицина, жылжымалы дәріханалық пункттерінің жүйесін әрі қарай дамыту көзделген. «Дәрілік заттардың сапасын, қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында 2015 жылдың соңына дейін қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр (ҚҰФ) жасалатын болады. ҚҰФ-қа әлемде «алтын стандарт» болып есептелетін британдық ұлттық дәрілік формуляр негіз болды», - деді министр. Оның айтуынша, ҚҰФ Қазақстанда тіркелген барлық дәрілік заттардың тізімін, олардың клиникалық дәлелденген тиімділігі, орын алуы мүмкін кері әсері туралы, әрбір препараттың шекті бағасы жайында ақпаратты қамтитын болады. Осылайша, ол тек дәрігерлер үшін емес, ел азаматтары үшін де үлкен анықтамалық болмақ.

Соңғы жаңалықтар