Министр ресейлік арналарды өшіру туралы: Саяси астары бар деп ойламаймын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы Beeline платформасынан ресейлік телеарналардың өшірілуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше бірқатар ақпарат құралы Қазақстандағы Beeline компаниясының 15 ресейлік телеарнаның трансляциясын тоқтататынын жазған еді.

«Одан хабарым бар. Жалпы бүгін Beeline компаниясының мәлімдемесі шықты. Мұның министрлікке қатысы жоқ. Себебі бұл жеке компания, кеңсесі Голландияда орналасқан. Олар өз қолданушылары мен аудиториясына талдау жүргізеді, сол арқылы дербес шешім қабылдайды. Трансляция 5 қазаннан бастап тоқтатылады деп жазған екен, бүгінгі мәлімдемесін оқыдық. Оның саяси астары бар деп ойламаймын. Beeline компаниясы өзінің қаржылық мәселелеріне, жарнама түсіміне қарайтын шығар, басқа да себептері бар шығар, және оның жеке компания екенін ұмытпау керек», - деп жауап берді министр Мәжіліс кулуарында тілшілердің сұрағына.

Сонымен бірге, Ақпарат министрі елдегі ресейлік БАҚ жұмысы жөнінде өз пікірін білдірді.

«Жалпы кез келген заңбұзушылық болса, Қазақстан заңнамасына сәйкес шара қолданылады. Әзірге бізге еш шағым түскен жоқ», - деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, кеше «Beeline Қазақстан» компаниясы ресми мәлімдеме жасады.

«Пакеттік ұсынымдар мен контенттік толтырымды қайта қарау – цифрлық операторлар үшін абоненттеріміздің қалауына сәйкес жалғастырылатын «Beeline Қазақстанның» үйреншікті тәжірибесі. Біз назар аударатын негізгі пайдаланушыларымыз – ойын-сауық video-on-demand контентін тұтынатын жастар аудиториясы. Мысалы, «Максимум» пакетіне әлемнің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам фильмдер мен сериалдар BeeTV+ жазылымы қосылады», - деп түсіндірді Beeline компаниясы.





Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар