Министр павлодарлық кәсіпорындарға жол салуда өндірістік қалдықтарды пайдалануды тапсырды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Павлодар облысының кәсіпорындарына жол салу кезінде өндірістік қалдықтарды пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыста жыл сайын 7,5 млн тонна күл үйінділері шығарылады. Бұл қоршаған ортаға қосымша антропогенді әсерді тудырады. Осыған байланысты облыста өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохромның шлагы қайта өңделеді. Биылғы Ⅰ жартыжылдықта 594,6 мың тонна шлак өңделген. Павлодар мұнай-химия зауыты жылына 26,5 мың тонна мұнай шламдарын өңдейді. Бұл мұнай шламдарының жылдық түзілу көлемінің 91 пайызына сәйкес келеді. Сондай-ақ, «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірісінің қалдықтары жолдарды салу және жөндеу кезінде пайдаланылады.

Бұл тек жеке мысалдар. Сондықтан кәсіпорындар әкімдікпен, «Қазавтожолмен» және Экология департаментімен бірлесіп автомобиль жолдарын салу кезінде қалдықтарды пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажет», - деп тапсырма жүктеді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында табиғатты қорғау мақсатында өңір кәсіпорындары 5 жылда 73 млрд теңге инвестиция құйғанын хабарлап едік.


Соңғы жаңалықтар