Министр Омаров: Жер тек электронды форматта беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жер қатынастарын цифрландыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруға қатысты бізде жоспар көп. Алайда, бұл ретте, мен негізгі үш мәселені атап өтейін. Біріншіден, жер қатынастарын цифрландыру бойынша қазіргі уақытта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге тиісті заң жобасы әзірленіп, оған сәйкес жер аумақтарының бәрі де цифрландырылады. Жалпы қазір ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы да цифрландырылып қойғанын атап өту керек. Ендігі кезекте жердің басқа түрлерін осы әдіспен цифрландырамыз. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жердің бәрі электронды форматта беріледі», - деді Сапархан Омаров Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингіде.

Министрдің айтуынша, ең алдымен, адам факторы мен бюрократияны жойып, жер бойынша түскен өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға маңыз беріледі.

«Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін бақылау. Қазір ІТ-компаниялардың бірімен оған қатысты жоба әзірленуде. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерінің электронды саудасына басымдық беріледі», - деді ол.

Еске сала кетсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы жылдың қыркүйегіне дейін жер қатынастары саласын цифрландыру жөніндегі заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілетінін хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар