Министр назарына: Еңбекке баулу пәні қайда? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

Салтын сүйген халқын сүйеді- «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null

Қазақтың салт-дәстүрге бай халық екені де, алайда сол дәстүрдің біразы ұмытыла бастағаны да рас. «Оңтүстік Қазақстан» газеті сондай дәстүрлерді жаңғырту туралы мәселе көтеріпті.

Мақалада автор соңғы жылдары қазақтың салт-дәстүрі тек Наурыз тойы барысында ғана көрініс табатынына қынжылыпты. Сондықтан да мақалада Ұлыстың ұлы күніндегі жастардың ойын-сауығы туралы сөз қозғалған екен. Бұл ретте автор Наурыз мерекесіне жастарды белсенді қатыстыру үшін «Ұйқыашар» және «Селтеткізер» дәстүрлерін жан-жақты насихаттап, негізгі мазмұнын сақтай отырып бүгінгі күнге лайықтау қажет дегенді алға тартады.

«Наурыздың алғашқы таңын қарсы алу ерте замандардан бері ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың теңесуімен астастырылады. Сондықтан да барлық ел осы түнді ұйықтамай отырып қарсы алып, арайлап атқан аппақ таңды, шуағын шаша бой көтерген алтын күнді алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа жорыған. Осы бір көңілді де көрікті түнде жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, болашақ жарын табуға асығады. Қыздар бозбаланы көңілі хош көрсе, жас малдың, кейбір өңірлерде қыстан қалған соғым етіне уыз қосып, дәмдеп «Ұйқыашар» тағамын пісірген».

Жігіттердің «Селтеткізер» сыйлығы туралы да айтылады.

Шөген туралы шындық- «Арай» газеті

null

Жамбыл облысында шығатын жастар газеті поло ойынына қатысты мәселе көтерген екен. Жазуынша, «басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сұйылып, шөген ойыны ұмыт болып бара жатқандай». Бұны осы шөген спортындағы мамандар да мойындап отырған секілді. Мақалада шөген ойынын дамытуға не кедергі болғаны сарапталады. Бақсақ, бұл ойынның тұралауына қаражат тапшылығы себеп екен. Ол рас та секілді. «Негізі поло ойыны ақшаны көп қажет ететін спорт. Шөгенді алғаш үйреніп жатқанымызда қаншама таяғын сындырып қойдық. Ал оның біреуі кемі 100 доллар тұрады. Сондай-ақ шөгеннен шеберлігімізді шыңдау үшін Аргентина мемлекетінде өткен оқу-жаттығу жиындарына 7-8 жігіт барып келдік. Оған да көп қаржы кетті» деп ағынан жарылыпты осы саланың басы-қасында жүрген мамандар.

Айта кетерлігі, аргентиналықтар қазақтың атта отыру мәдениетіне тәнті болыпты. Сүйтсек, ондағылар поло ойынын ойнамас бұрын, аттың өзіне отыруды 2-3 жыл үйренеді екен. Содан кейін барып қолдарына таяқшаны ұстап, допты ұруды меңгереді. Түйіндей айтқанда, аттың құлағында ойнау жағынан қазақ жігіттері әлемде алдына жан салмайды десе де болады. Бірақ, ойынның басқа тәсілдерін меңгеру үшін тәжірибе керек екен. Ендігі күні мұның бәрі, тіпті шөген ойынының өзі құрдымға кететін тәрізді.

«Сонда поло ойынын бастадық, көп ұзамай тастадық дей берсек болатындай ма?» деп сұраған газет енді облыстық басқармадағылардан толыққанды жауап күтетінін жеткізіпті.

Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ қызы кім? - «Дидар» газеті

null

«Тоныкөк жортқан топырақтан Токиоға барған желаяқ жайлы біле ме жұрт?! Тарқатар ойымыздан тұздық бере кетейік, біздің айтпағымыз 1964 жылы Токио Олимпиидасына қатысқан тұңғыш қазақ аруы Алданыш Рамазанқызының жетістігі жайлы болмақ. Талантының арқасында тұңғыш олимпиадаға қатысушы деген атты тағдырына жазып, тарихына таңбалаған желаяқ туралы толығымен баяндайық» деп жазады «Дидар» газеті.

Мақалада Моңғолия тарихында аты алтын әріппен жазылған, Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қызы Алданыш Рамазанқызы туралы қызықты деректер келтірілген. Мәселен, Моңғол елінің тарихында 1962 жылы алғаш рет бүкілхалықтық спартакиада ойындары өтеді. Осы додаға 16 жастағы Алданыш қатысып қана қоймады, желаяқ қыз өзіне дейінгі жүйріктердің жетістіктерін желге ұшырды. Қыршынында құйғыта шапқан желаяқ 200 метр қашықтықты 26,6 секундта, 400 метрді 58,8 секундта, 800 метрді 2 минут 18,7 секундта жүгіріп өтіп, Моңғолия елінің әр қашықтағы рекордын жаңартады. Бұл ел тархында бұрын-соңды болмаған елеулі жетістік екен. Алданыш Рамазанқызының 200 метр қашықтықта жасаған рекорды арада үш жыл өткен соң барып жаңарады. Ал 400 және 800 метрдегі рекордын 22 жыл бойы ешкім бұза алмапты.

«Бір қызығы, қазақ қызының 800 метр қашықтықта қол жеткізген рекордын 1984 жылы тағы бір қазақ қызы Моңғолия мемлекеттік университетінің түлегі Күшай Құлыбекқызы жаңартыпты. Сол күннен бастап республикалық жарыста бірде-бір күміс, қола медаль алмапты. Мойнына тек алтыннан медаль таққан Алданыш Рамазанқызының қоржынында 38 алтын жүлде бар. Жұрт «Жеңіл атлетиканың ханшайымы» атаған желаяқ халықаралық жарыстарда қара үзіп, әлемдік бәйгеде бақ сынады».

Алданыш Рамазанқызының Токио олимпиадасына қатысуы да қызыққа толы екен. Ол небәрі үш ай дайындалып, Олимпиадаға қатысқан екен.

Өзге тудың астында өнер көрсеткен қазақ қызы Жапония елінде жүріп өз қазағына жолығады. Қайда жүрсе де, қазағын іздеп тұратын Алданыш Олимпиада қалашығынан қазақстандық спортшыларды табады. Оның бірі - белгілі спортшы Әмин Тұяқов екен.

Алданыш Рамазанқызы 2012 жылы Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына қатысып қайтыпты. Ол бір әңгімесінде былай деген екен: «Апам да туған жерімде өлмедім ғой, топырағы бұйырмады ғой деп қайтыс болған. Содан кейін мен Алматыға барғанда, бір уыс топырақ әкеліп беріп едім, оны суға езіп ішіп алды. Одан кейін Астанаға барғанда, тағы топырақ әкеліп, қамырына апарып салдым».

Бас киімге қауырсын тағу һәм «сары жаулықтың» сыры неде? - «Қостанай таңы» газеті

null
«Қостанай таңы» газетінің жазуынша, «Алтын Адамның» бас киіміне де төрт алтын қауырсын ілінген. Тамғалы тастағы суреттерде де қауырсынды бас киім киіп, малдас құрып отырған адам бейнеленген. «Бас киімге қауырсын тағу көп халықта бар. Ол мифтік наным бойынша жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін танытады».

Бұдан бөлек, жаулық туралы да жазылыпты. «Оған қатысты арнайы заң жолы, салт бар. «Жеті жарғы» бойынша қылмыстық, бұзақылық істе ол үшін кімге, кімнің құн төленетінінің орнына «сары жаулық» жүрген. Бұл жаулық құн төлеуге келіскендікті білдіреді. Күйеуі өлген әйел өзінің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған» деп жазыпты мақалада.

Мәшһүр Жүсіп және «Диуана» болмысы - «Сарыарқа самалы» газеті

null

Мақалада «Диуана» ұғымынан бастап, оның қазақ дүниетанымындағы орны, ауыз және жазба әдебиеттегі мағыналары келтіріледі. Ал Мәшһүр Жүсіптің көзқарасына келсек, Мәшһүр Жүсіптің диуаналар туралы жазған еңбектерін де келтіреді. Мысалы, «Абылайдың қырғызға жорығы» деген еңбегінің бірінші нұсқасында: «Созақта «Жалаң аяқ Әшдер (Әудер)» деген бір әулие диуана бар екен, Абылайдың қосынына кез болған екен», деп жазады.

Жазуынша, Мәшһүр Жүсіптің өзі диуаналарды айрықша қадірлеп, қастерлегеннен бөлек: Мен өзім өз сөзіме уанамын, «Ләйлі» жоқ, қоржын да жоқ, диуанамын, - деп өзін де диуанаға теңейді.

«ХХ ғасырдың басында Әбжалап диуана қайтыс болып, оның денесін арулап жуу кезінде Мәшһүр Жүсіптің өзі шәйнекпен су құйып тұрып: «Мына төбеміздегі шоқ бұлтты көрдіңдер ме, ол бізге көлеңкесін түсіріп тұр. Әбжалап тегін кісі емес», - деген. Кейін бейіт басына барып, диуананы ораған кигізді ашқанда, Әбжалап диуананың денесі жоқ болып шығады. Бұған дейін адамдар үстінен бір топ шағала ұшып өткені еске алынады. Сонда Мәшһүр Жүсіп: «Әбжалаптың денесі көрде жатпайды, менің мүрдім бүлінбес» десе керек».

Мақалада сондай-ақ, әр өңірдегі ел ішінде танымал болған диуаналар, әулиелер жайында айтылады. Олардың кереметтері суреттеледі.

«1930 ашаршылық жылдары Айтекең деген диуана ауылдарға даланың еліктерін айдап әкеліп, сауғызып тұратын болған. Айтекең диуана жас кезінде: «ана ауылға кеттім» деп, кез келген өзеннің үстінен жүгіріп өтіп, көзден ғайып болады екен. «Ғайыперен қырық шілтен жіберді», - деп, еліктерін қадір тұтып, сүтімен қоректеніп, ауырғандарын емдеген».

Министр назарына: Еңбекке баулу пәні қайда? - «Жетісу» газеті

null

Жыл сайын мектеп бітіретін түлектер арасында болашағы бұлыңғырлар көп. Жоғары оқу орнына түсе алмағандар не істейді? Бұл өзекті мәселе. Осыны алға тарта отырып «Жетісу» газетіндегі мақалада оқушыларды үлкен өмірге дайындайтын мектептердің ахуалы сараланыпты.

Мақалада автор мектеп бітірушілердің 70 пайызы жыл сайын оқуға түсе алмайтынын, сондықтан олардың болашағы бұлыңғыр болып тұратынын алға тартады. Жұмысқа орналаса алмау салдарынан қылмысқа жиі баратындар да осы санаттан екен. Соған орай автор «Олар неге ауылда қалып жұмыс істемейді» дегенге назар аударып, «ең масқарасы ауылда туып өссе де көбісі ауылшаруашылығының қыр-сырын білмейді» дегенге тоқтайды.

«Неге? Өйткені мектептерде баяғы кеңес үкіметі кезіндегідей ауылшаруашылығына бейімдеп, тәлім беретін еңбек кабинеттері мүлдем жоқтың қасы. Баяғы «хан талапай» жекешелендіру кезінде тоналған, болмаса ескірген, істен шыққан. Бұрынғы еңбек сабағының орнына қазір технология деген пән өтеді екен. Жол түскенде барып көрсек ұлдар бисер тоқып, кесте тігіп отыр. Масқара емес пе?!» деп жазады автор.

Осыған орай, мақалада атқарушы билік атына бірқатар ұсыныстар айтылыпты. Онда мектептерде ұл балалар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттерін қайта жасақтау, ауылда агротехника пәнін жүргізу секілді ұсыныстар бар.

Доңыз жылы десек те, Қаракиік есімізде жүрсін...- «Ortalyq Qazaqstan» газеті

null

«Доңыз жылының бір аты - қаракиік»... «Ortalyq Qazaqstan» газетінің сайтында осы туралы мақала жарық көрді. Автор бұл пікірін былай дәйектейді: «қазақ аша тұяқты жабайы жануарларды жалпы атаумен киік дейді. Мəселен, елік, құдыр, қарақұйрық, тауешкі, тағы басқалары. Адал тағыларды халқымыз бейнелеп айтқанда, киік тұқымдастары отрядына жатқызады. Қазақ арқарды, тау ешкіні, бұғыны, елікті, тағы басқа аша тұяқтыларды жалпы атаумен «Қоңыр аң» деп те атайды. «Қоңыр аңның киесі жаман болады» деп жататыны да осы жануарлар. Əсіресе, арқар мен тауешкіні «қоңыр аң» деп баса ерекшелейді».

Автор доңыз да - қалың жыныстың, көлді қопалы жердің аша тұяқтысы екенін, қазақ доңыздың етін жемейтінін айтады. Жазуынша, қазақ доңызды да киікке жатқызады. Жай киік емес - қаракиік. Қара дегені жез түсті киік атаулы: бөкен, елік, қарақұйрық, тағы басқаларынан бөліп алғандағысы болса керек.

Бұдан бөлек, автор доңыздың қаракиік атануына тағы бір болжамын айтып, оны қазақ даласына ислам дінінің келуімен байланыстырады.

«Əйтеуір, халықтың ескі санасындағы доңыздың бір атауы - қаракиік. Маған қаракиік жайында айтып берген нағашы шешем Бибігүл Қалмағанбетқызы хат танымайтын ескі сананың адамы еді. Доңызды қаракиік деуші еді. Өзін ылғи қаракиік жылы туғанмын деп отыратын. Сол уақытта баламын, қаракиік деген не дегенде, доңыз дейтін. Апам марқұм ұзақ жасап (1911-2002), 92-ге қараған шағында дүниеден өтті. Қаракиікті халыққа жайлы жыл деп үнемі мақтап отыратын. Қазаққа ең жайсыз жыл деп мешін мен қоянды айтушы еді. Қаракиік əңгімесі ол кісінің санасының бір түкпірінде сақталып келді, реті келгенде оны кішкентай немересі - маған айтты» деп жазады автор Ерлан Төлеутай.

Құдықты, құдықшыларды ұмыттық па?...-«Орал» газеті

null

Дала халқы үшін ертеректе құдықтың маңызы зор еді. Мал баққан шаруа адамы үшін алатын орны ерекше болып, құдық қазудың өзі бір үлкен өнер саналатын. «Орал өңірі» газеті өткенге көз жібере отырып, «тіршіліктің көзі болған құдықтардың бүгінде ұмыт болып бара жатқанын» жазыпты. «Әрине, қазіргі күнде соңғы техникалармен жүздеген метр тереңдіктен тұщы су көзін шығарып жатқанда, бұрынғы құдықтардың ұмытылуы да заңдылық. Бірақ ол біздің тарихымыз ғой» деген мақала авторы сондай құдықтардың кейбіреуіне тоқталады.

Мысалы, мақалада Нұрсай ауылынан 20 шақырымдай жерде «Шұбарат» деген шыңырау құдық болғаны жазылады. Бұл құдықтың иелері рулары қоңырбөрік алаша саналатын ағайындар екен. Сол замандарда сол шыңырау құдықтың суы бір ауылдың мал-жанына түгел жеткен екен.

Сондай құдықтың бірі Қошанкөл ауылынан 6 шақырым жерде орналасқан «Дініш құдығы» екен. Бұл құдық Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші Әлібек Дінішевтің атасы Дініш қаздырған құдық. Қазіргі күнге дейін оның орны сақталған.

Жұлдыз ауылының құдықшысы Тойғожа деген кісі 1885 жылдары дүниеге келген екен. Ол тұщы судың қай жерден шығатынын өсіп тұрған шөбінен айыра білген. Өмірі түйе үстінде өткен ол өңірге тұщы судың орнын дәл тауып, сол кездегі қаншама ауылға тіршілік нәрін берген.

«Ал сол тіршілік көзін кезінде тауып, елдің кәдесіне асырған құдықшы аталарымызды және олардың қазған құдықтарын ұмытып кеттік. Дұрысына қалғанда, бұл - тарих. Бүгінгі рухани сілкініс кезінде осындай ел игілігіне жараған дүниемізді қайта бір түгендеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізсек, артық болмас еді» деп жазады автор.

Сапура Мәтенқызын білеміз бе - «Ақтөбе» газеті

null

«Ақтөбе» газетінде Сапар есімін иеленген батыр ару - Сапура (Сапар) Мәтенқызы туралы мақала жарияланды. Онда қазақтың батыр қызы туралы қызықты жайттар беріліпті. Деректерге қарағанда, Сапура Мәтенқызы 1753-1776 жылдар аралығында, Қобда өзені бойын мекендеген Мәтен батырдың отбасында дүниеге келген. Оның күйеуі қалмақтар қолынан қаза тауып, кейіннен әмеңгерлік жолымен қайнысы Жанбалтаға тұрмысқа шыққан екен.

«Қазақ халқының, әсіресе Кіші жүз аумағының Емельян Пугачев көтерілісінен кейінгі қанқұйлы жазалаулардың зардабын тартып, ел еңсесі түскен шағы екен. 1775 жылдың күзінде Елек, Қобда өзендері сағасында отырған табын, тама руларының халқы атқа мініп, ереуілге шығады. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атқа ие болады. Сол ереуілдің дем берушісі де, қозғаушысы да Сапура Мәтенқызы болады. Күйеуі, жігерлі жас жігіт Жанбалта оның жанынан табылады».

Мақалада жазылғандай, Сапураның арманы орыс отаршыларына қарсы қалың елді көтеру болған екен. Ол өзінің пірі Көк бұқа - Көктемір атымен ұрандап, 2000-дай қол жинайды екен. Қазақтардың мұндай қимылға баруы алғашында патша сарайындағыларды сендірмейді. Сондықтан да ел ішіне жансыздарын жіберіп, мәселенің анық-қанығын тексеру үшін нақты деректер алынады. Бір қызығы, сол мәліметтер Ресей Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталыпты. Бұдан бөлек, 1776 жылдың көктемінде Сапураның жасағы саны 10 мыңға дейін жеткені айтылады.

Жазуынша, Сапура туралы белгілі жазушы Әнес Сарайдың зерттеулерін қаламгер Әбіш Кекілбаев мақұлдаған екен. Ал танымал тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты көлемді зерттеу еңбектерінің бір тарауын «Легенда о Невидимке» деп атаған. Нақ осы еңбек 1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақшаға аударылады.

«Біз Сапура Мәтенқызын толық танып болдық па? Қолымыздағы бар деректер бізге алдағы уақытта оны тереңдетіп зерттеп, жас буынға осыдан екі жарым ғасырдан бұрынырақта өмір сүрген, халқының бостандығын, елдік намысты биік қойған батыр қыздың тұлғасын тұтастай танытуды міндеттейді».

Соңғы жаңалықтар