Министр Мырзағалиев балық аулаудан балық өсіруге бейімделуді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық шаруашылығын дамытуға кедергі түйіткілдерді шешу жолдарының бірі – еліміздегі су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметінше, Экология министрлігі Үкімет басшысы Асқар Маминнің саланы дамытуға кедергілерді анықтау тапсырмасына орай ғалымдармен, сарапшылармен бірге су қоймаларын зерттеген. Нәтижесінде, оларды балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу қажеттігі шешілген.

«Біз ғалымдармен, осы саладағы сарапшылармен бірлесіп еліміздегі су қоймаларын зерттеп шықтық. Арасында әлеуеті жоғары деген су қоймаларын анықтадық. Өткізген зерттеудің аясында осы жерлерде жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатыны белгілі болды. Біз осыны негізге ала отыра, балық өсіруді өңірлерге бөліп, сызбасын жасадық. Мысалы, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы тұқы балығын және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы болса, Шығыс Қазақстандағы Өскемен, Бұқтырма су қоймаларында алабалық, ақ сақа тұқымдас балықтарды өсіруге болады. Ал Алматы облысындағы Бартоғай және Қапшағай су қоймалары мен Балқаш көлі алабалық, тұқы балықтарын, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары ақ сақа және тұқы түрлерін өсіру үшін қолайлы. Ал Маңғыстау облысында арқан балық және бекіре, Қызылорда облысындағы Арал теңізінде тұқы балығын өсіруге болады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгін Үкімет отырысында балық шаруашылығын дамытуға кедергі келтіретін 3 проблеманы атады.


Соңғы жаңалықтар