Министр Мұхамедиұлы Олимпиада чемпиондарымен бірге Алакөлдегі дуатлонға қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысы Алакөл ауданының Ақшы ауылында дуатлоннан жарыстар өтеді, оған қатысушыларды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзі бастап шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

16 маусым күні таңертең сағат 9-да Ақшы ауылында спорттың екі түрінен - жүгіруден (5 шақырымға) және веложарыстан (10 шақырымға) «Алакөл - 2017» жарыстары өтеді. Салауатты өмір салтын насихаттауға өзі кіріскен министр Алакөлге ертерек жетіп, денесін шынықтырған. Бұл туралы ол Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Достарым, біз Алакөлге жеттік. Дуатлоннан ертең өтетін «Алакөл - 2017» жарыстарына мен де қатысатындықтан, дайындыққа кірістім», - деді ол.

Сондай-ақ министр көптеген медиа-тұлғалар жарысқа қолдау білдіріп, қатысуға ниет танытқанын атап өтті.

«Менімен бірге дистанцияға атақты спортшылар - Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбрайымов, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері - Жеңіс Сейдоллаұлы, «Астана опера» директоры Ғалым Ахмедияров, музыкант Ренат Ғайсин, «Нұр-Мұқасан» тобының мүшелері, «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлді сомдаған Әділ Ахметов және бізге қолдау білдірген өзге де көптеген әріптес-достар шығатын болады. Қатысамын деушілердің барлығына - қосылыңыздар дейміз!», - деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы әлеуметтік желіде. 

Соңғы жаңалықтар