Министр Мұхамедиұлы Еслямова мен Дворцевой туралы: Шығармашылық тандем өз жетістігін қайталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық актриса Самал Еслямованы Канн фестиваліндегі жетістігімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«71-ші Канн фестивалінің халықаралық қазылар алқасы үздік әйел рөлі аталымын Қазақстанның тумасы Самал Еслямоваға берді. Самал Мемлекеттік театр өнері институтында оқыған. 2008 жылы ол қатысқан алғашқы фильм «Қызғалдақ» («Тюльпан») режиссер Сергей Дворцевойды жетістікке жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысында, Бетпақдалада түсірілген сол картина Канн фестивалінің маңызы жағынан екінші орында тұратын «Ерекше көзқарас» Гран-приін жеңіп алды», - деп жазды министр Фейсбуктегі парақшасында.

Оның айтуынша, «Айка» фильмін түсіруге түрлі елдердің 5 кинокомпаниясы қатысқан.

«Араға тура 10 жыл салып, Дворцевой мен Еслямова «Айка» фильмі жетістігін қайталады. Оны 5 кинокомпания: Сергей Дворцевойдың «Кинодвор» студиясы, сондай-ақ Германия, Польша, Қытай және Қазақстан кинокомпаниялары түсірді. Шығармашылық тандемді құттықтаймын! Сіздерге табыс, жаңа жеңістер тілейміз!», - деді А. Мұхамедиұлы.

Еске сала кетейік, қазақстандық актриса Самал Еслямова 71 Канн кинофестивалінде өз аталымы бойынша үздік деп танылған болатын.

«Айка» атты кинотуындыда Қырғызстаннан Мәскеуге заңсыз келіп, тұрып жатқан мигрант қыздың өмірі суреттеледі. Ондағы басты рөлді Самал Еслямова сомдайды.

Соңғы жаңалықтар