Министр Мұхамедиұлы БАҚ өкілдеріне Түркістанның киелі жерлерін көрсетті

None
None
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан облысында БАҚ өкілдеріне арнап пресс-тур өткізді. Министр тілшілерді Күлтөбе қалашығында атқарылып жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен және ортағасырлық Сауран қалашығымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан жерінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рабия сұлтан бегімнің, басқа да керемет тарихи орындардың болғанын бәріміз білеміз. Бұл жер ең алдымен, Ясы атауымен белгілі, дамыған қала болса, Қожа Ахмет Ясауи туған XI ғасыр шарықтау шегіне жеткен кезі. Одан әрі қарайғы көркейген кезеңі XV-XVI ғасыр қазақ хандығы кезеңі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында Әбілмәмбет ханның ордасы бар. Ол әлі толық зерттелген жоқ. Одан басқа бірнеше хандардың сүйегі осы жерде жерленген. Бұл Түркістан жерінің тек рухани орталық емес, қазақ хандығының орталығы болғанының да дәлелі. Түркістан - қазақтың қаншама хандары мен билері, батырлары жатқан жер. Мақтанышпен айтар едік, басқа мемлекеттерде жеткен жетістіктер бізде сол кездің өзінде кеңінен қолданылған», - дейді министр.

Министр атап өткендей, Түркістан маңайында кірпіш күйдірген, темір балқытқан орындардың табылуы да соның дәлелі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында темірді өңдей бастаған біздің ұлы дала деп айтып өткені белгілі. Археологиялық қазба жұмыстардың арқасында көптеген қызықты дүниелер табылып жатыр. Тарих үшін Күлтөбенің маңызы зор. Күлтөбе қалашығы Ұлы Жібек жолының бойындағы ерекше орталық болған. Әрине мұның алдын 4-5 жыл археологиялық жұмыстар баяу жүрді. Ал қазіргі кезде Елбасы Түркістан қаласын тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ қаласына айналады деп шешкен соң, осы жылы қазба жұмыстарын жандандырып жатырмыз. 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбеден сыры ашылмаған қаншама құпияларды анықтауға болады. Архитектура жағынан өте жоғары дәрежедегі қала болған. Біздің мақсатымыз осыны бір жыл ішінде кеңінен көрсет», - деді министр.
null

Қазіргі таңда Күлтөбе қалашығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты жүргізіп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына 15 ғылыми қызметкер мен 40 лаборант қатысуда. Осы уақыт аралығында 950 шаршы метр жерге жұмыстар жүргізіліп, қазақ және Қоқан хандығы дәуірлерінің үй орындары мен үйді тіреуге арналған тас бағаналар және тандыр пештер мен дәліз, есік орындары да анықталған.
null

«Күлтөбе қашанда айрықша рухани мәртебеге ие болып, барлық дәуірлерде әкімшілік-экономикалық орталық болған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасыр, Түргеш қағанатының кезеңі. Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезең және Қазақ хандығының жылдары. Қазіргі уақытта біз барлық тарихты бір ескерткіште толық дәрежеде көрсететін ашық аспан астындағы археологиялық бақ-музейін ашу жұмысымен айналысудамыз. Шындығына келгенде қалашықтың бірегейлігі күн сайын жаңа ашылуларға себепші болатын оның көпқабатты сан ғасырлық тарихында. Егер жылдың басы Қоқан хандығы кезеңіне тән ХІХ ғасыр құрылыстарын ашумен байланыстырылса, көктемнің алғашқы айларында ерте кезеңдердің жәдігерлері көптеп табылды. Тек ағымдағы айда ғана Түргеш қағанаты дәуірінің тиыны мен ІХ ғасыр дирхемі табылды»,- деді ол.

Айта кетсек, Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО мәдени мұрасы ескерткішін сақтау мәселесіне байланысты жұмыстар жүргізуде. Осыған орай, халықаралық сарапшылық топ пен тығыз серіктестікте қызмет атқаратын жұмыс тобы құрылып, ЮНЕСКО-ның барлық талаптарын ескере отырып Түркістан қаласын дамыту бойынша Бас жоспар әзірленуде.
null

Бүгінгі күні сарапшылар фотограмметрия, тарихи шекара мен буферлік аймақ шекарасының тарихи ақиқатына талдау жасады. Ескерткіш шекарасының жағдайы зерттеліп, қалпына келтірілген бекініс қабырғасына тексеру жүргізілген және кесенені визуалды қабылдауға реставрациялық жұмыстардың ықпалына мән беріліп, ұсыныстар әзірленді. Мәдени мұра ескерткішіне ықпал етуді бағалау есебі Бакуде 2019 жылдың 30 маусымы мен 10 шілдесі аралығында Дүниежүзілік мұра бойынша комитеттің отырысының 43-сессиясында қарастырылады.

«Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасын жүзеге асыру 2019-2021 жылдарға көзделген. Ашық аспан астындағы археологиялық парк-музейі экспозициялық және археологиялық нысан ретінде қызмет атқарады деп жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар