Министр мораторий енгізілгенге дейін жекеменшікке берілген жерлер туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мораторий енгізілгенге дейін жекеменшікке берілген жерлердің көбісі оңтүстік өңірлерде қамтылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ресми деректерге сүйенетін болсақ, 1 млн 472 мың гектар жер (ауыл шаруашылығы мақсатындағы) жекеменшікте. Сондықтан осы бағытта қанша субъекті бар», - деп сұрады депутат Геннадий Шиповских

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл жерлер мораторий енгізілгенге дейін берілгенін еске салды.

«Өзіңіз айтып өттіңіз, 1,5 млн-ға жуық жер жекеменшікте, олардың барлығы мораторий енгізілгенге дейін алынған. Санына тоқталсақ, бүгінде олар - 128, яғни заңды әрі жеке тұлғалар бар. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарда алынған. Ол жерде жайылым жерлер де, егістік те бар. Негізі, олар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шикізат өндіру бағытында жұмыс істеп жатқандар. Қазіргі кезде олардың барлығын әкімдіктер, ғарыштық мониторинг арқылы бақылауда ұстап отырмыз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.

С. Омаровтың айтуынша, қандастар бойынша олар жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар.


Соңғы жаңалықтар