Министр мемлекеттік сатып алуда «кәсіби шағымданушылар» туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында  ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алу саласында жөнсіз шағымдануды кәсіп еткендермен күрес шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде мемлекеттік сатып алуда «кәсіби шағымданушылар» пайда болды. Олардың басты мақсаты - қатысу емес, сатып алу рәсімдерін бұзудан заңсыз пайда көру», - деді Ә. Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, осындай жағдайларды болдырмау үшін тиісті ұсыныстар жасалып отыр.

«Біріншіден, конкурстық өтінішті қамтамасыз етуді енгізбеген өнім берушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын қарауға тыйым салынады. Сонымен қатар, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған өнім берушілердің шағымын қарамау ескерілген. Сатып алуға қатыспаған үшінші тұлғалардың шағымдары бойынша шарт жасасу мерзімін тоқтатпау ұсынылады», - деді Қаржы министрі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

ҚР Қаржы министрі мемлекеттік сатып алулар саласындағы проблемаларды атаған болатын.  

Сонымен қатар Әлихан Смайылов  құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуды жетілдіру тәртібін түсіндірді.

Заң жобасы аясында сотталғандарды мемтапсырысты орындауға жұмылдыру шаралары ескерілген.

 

 

Соңғы жаңалықтар