Министр Мәскеу биржасында теңге сатып алушылардың көбейгені Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс кулуарында Мәскеу биржасында теңге сатып алушылардың көбейгені Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәскеу биржасында инвесторлардың теңгені жаппай сатып алуы ұлттық валютамызға, жалпы қазақстандықтарға қалай әсер етеді?» - деп сұрады БАҚ өкілі.

Министр аталған тенденцияның жағымды жағы да бар екенін айтты.

«Біздің валюта Мәскеу биржасында сатылып жатыр. Бір жағынан, бұл жақсы көрсеткіш. Яғни теңгеге сұраныс бар деген сөз. Менің ойымша, бұл тренд теңгенің доллар мен басқа валюталарға қатысты нығаюына мүмкіндік береді. Ал бұл инфляцияға да оң әсерін тигізеді. Себебі біз тауарлар мен азық-түліктің бір бөлігін Ресейден тасимыз. Ал рубль–теңге бағамы туралы айтсақ, ол нығаятын шығар», - деді Әлібек Қуантыров.

Ведомство басшысы бұған дейін түрлі факторлардың әсерінен теңгенің рубльге шаққандағы бағамы аздап құлдырағанын еске салды.

«Қазіргі факторларды ескере отырып, теңге күшейеді деп болжауға болады. Бұл экономиканың салаларына да оң әсер етеді.

Бір жағынан, теңге бағамы Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің валютасының алдына түссе, бұл біздің экспорттаушыларымыз үшін жақсы. Өйткені өз өнімінің 80-90 пайызын экспортқа шығарып, тек 10 пайызын ішкі нарықта сататын кәсіпорындар бар. Мұның бәрі сұранысқа байланысты», - деді министр.

Сондай-ақ, ол Мәскеу биржасындағы жағдай Қазақстан нарығында рубльді көбейтіп жібереді деген болжаммен келіспейтінін жеткізді.

«Рубльмен не істейтінін Ұлттық банк өзі шешеді. Рубль тым көбейіп кетеді деп ойламаймын. Өйткені өз ұлттық валютамыз бар ғой. Қажет болса, Ұлттық банк қосымша шығаратын шығар.

Жалпы біздің Ресеймен сауда айналымымыз ауқымды. Ал біздің экономикаға рубльдің кіргені, теңгенің Мәскеу биржасында сатылып жатқаны қалыпты процесс. Онда тұрған ештеңе жоқ», - деді Ұлттық экономика министрі.


Соңғы жаңалықтар