Министр мəдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы неге төмен екенін түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында өнер және мәдениет қызметкерлерінің жалақы мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов спикерлер назарын мәдениет қызметкерлерінің төмен жалақысына аударды.

«Арыстанбек Мұхамедиұлы, мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуге түбегейлі өзгеріс қажет деп есептейсіз бе?», - деп сұрақ қойды депутат.

«Шынында да, олардың жалақысы аз. Көпшілік жағдайда аш адам шығармашылықта табысты болады деп жатады. Оған Бетховен мен Моцартты мысалға келтіреді. Осы орайда айтарым, біздің таланттарымыз мардымсыз жалақы алып жүрсе де халықаралық деңгейге шығып жатыр. Әртістер өз талантымен биіктерді бағындырып жүрсе, кітапхана, музей, мәдениет үйлері сынды салалар қаржылық қолдауға мұқтаж болып отыр», - деп жауап берді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы депутаттың сауалына.        

Аталған мәселе бойынша Үкімет сағатында ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мен ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова да сөз сөйледі.

«Мәдениет саласындағы еңбекақыны төлеу мәселесі өте маңызды болып отыр. Мемлекет деңгейінде олардың жалақысы 2005 жылдан 2011 жылға дейін 5 рет 25-30 пайызға көтеріліп отырған. Соңғы рет мәдениет қызметкерлерінің жалақысы еңбекақыны төлеуді реформалау аясында 2016 жылы 40 пайызға көбейтілді», - деді Т.Савельева.

Светлана Жақыпованың айтуына қарағанда, өткен жылы жүргізілген еңбекақыны төлеу реформасы аясында 50 мыңға жуық мәдениет қызметкерлерінің жалақысы өскен. Әсіресе ең төменгі жалақы алатын кітапханашылардың жалақысы 52 мыңнан 70 мың теңгеге дейін, архив қызметкерлерінің жалақысы - 44 мыңнан 62 мыңға көтерілген. 

Соңғы жаңалықтар