Министр көлік апаттары туралы: Көбінде жүргізушілердің өзі кінәлі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев темір жол өткелдерінен автокөлікпен өту талаптары күшейту мәселесі қаралатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде жол-көлік оқиғаларының 96 пайызында жүргізушілердің өздері кінәлі болып шығады. Нашар жүргізушілік тәртіп қалыптасқан. Бізде барлық теміржол өткелдеріне жақындағанда пойыздың жүретінін ескертетін жол белгілері тұрады. Үш жолақ, екі жолақ, содан кейін бір жолақтан кейін «Стоп» деген белгіні көресіз. Осыдан кейін міндетті түрде жан-жаққа қарап, пойыз бар ма, жоқ па көз жеткізіп алу керек. Бұл жағдайда жүргізушілердің жауапкершілігін күшейту мәселесі бар. Сондықтан, біз аталған мәселені қарап, тиісті ұсыныстарды енгіземіз», - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, кеше Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан болатын. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала.

Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өзбақылауына алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд бен автобус соқтығысынан жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.



Соңғы жаңалықтар