Министр қияр мен қызанақтың қымбаттау себебін түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда қияр мен қызанақ неге қымбаттағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қияр мен қызанақ 1,5 мың теңгеден сатылып жатыр, қыста 2-3 мың теңгеден сатылуы мүмкін бе?», - деп сұрады тілшілер Үкімет отырысынан кейін кулуарда.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінде көкөністер бойынша жағдай тұрақты.

«Картоп 130-140 теңге тұрады. Мұндай баға ешқашан болған емес. Біз биыл көкөністер бойынша қажеттілікті 4,2 млн тоннадан 4,9 млн тоннаға дейін көтердік. Толығымен картопқа, сәбізге, қырыққабатқа өз қажеттілігімізді жаптық. Алдағы уақытта да солай болады.

Қияр мен қызанаққа келсек, бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Қазан, қараша айларында ашық топырақта егін егу тоқтайды. Жылыжайларда өскен көкөніс қымбатырақ болады. Осыған байланысты бағаның шамалы қымбаттауы әрдайым болады, бірақ бәрібір қызанақтың 1,5 мың теңгеге сатылуы жақсы емес», – дейді Е. Қарашөкеев.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда қант тапшылығы болмайтынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар